$ 538.54  628.31  6.7

Өскеменде былтыр ғана жөнделген көпір опырылып түсті (ВИДЕО)

Қазір оқиға орнында әкімдік пен төтенше жағдай қызметкерлері кезекшілік етуде.

Коллаж: sn.kz
Коллаж: sn.kz

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының орталығында төтенше жағдай болды. Өскемендегі шағын айналмадағы Ульба өзенінің үстіндегі көпірдің бір бөлігі құлап түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Алдын ала мәлімет бойынша, ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір жол толықтай жабық. Сарапшылардың айтуынша, оқыс оқиғаның себебі – бірнеше күндік толассыз жауыннан кейін өзен суының көтерілуі. Нәтижесінде қатты ағыс көпірдің бір тіреуін шайып кеткен. Ол қисайып, көпірдің бөлігі құлады.

Қазір оқиға орнында әкімдік пен төтенше жағдай қызметкерлері кезекшілік етуде.

– Бүгін, 1 қыркүйекте, Шнайдер көпірі құлады. Соңғы үш күндегі қатты жауыннан өзен деңгейі көтерілген. Қысқа мерзімде көпір қалпына келтіріледі, – деді Өскемен әкімі Алмат Ақышов.

Әкімдіктің хабарлауынша, барлық қажетті қызметтер жұмылдырылған. Қауіпсіздік үшін жергілікті деңгейде төтенше жағдай режимі енгізілді. Тұрғындарға сабыр сақтап, оқиға аймағына бармау ескертілді.

Айта кетейік, дәл осы көпірдің тіреуін Ульба өзені 2023 жылдың қарашасында шайып кеткен болатын. Сол кезде бірнеше айға жабылып, 2024 жылдың жазында ғана ашылған еді.

Ол кезде қала әкімі қызметін атқарған Жақсылық Омар:
– Біз Гавань көпірін жаптық. Тексеру кезінде ақаулар табылды. Жөндеу жұмыстары басталды. Жергілікті компания кірісті. Сәуірде аяқталады деп сенеміз, – деген еді.

Алайда қала тұрғындары сол жөндеудің сапасына күмән келтіруде. Әйтпесе, неге көпір бір жылдан кейін қайта құлады?

Әлеуметтік желілерде көпірдің ескі тіреуі жөнделмей қалғаны туралы ақпарат тарауда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары