03.09.2025, 18:20

144 млрд жымқырған Ертаев бостандықта: Сот рақымшылық себебін түсіндірді

Фото: © Андрей Лунин

Сотталған Ж.Ертаевтың негізгі жазасының өтелмеген 11 ай 16 күні босатылды. 

Бұған дейін хабарлағынымыздай, 144 млрд теңге жымқырды деген күдікпен 11 жылға сотталған экс-банкир Жомарт Ертаев рақымшылыққа ілінген еді. Алматы облысының соты Ертаев қалай рақымшылыққа ілінгенін түсіндірген, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Azattyq Rýhy мәліметінше, Алматы облысы Алатау қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Ертаевтың рақымшылық туралы өтініші 2 қыркүйек күні қаралған екен.

«Ж.Ертаев 2020 жылғы 16 қарашада Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 228-бабы бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған. 2025 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша Ж.Ертаев 8 жыл 3 ай 14 күн бас бостандығынан айыру жазасын өтеді (15.11.2018 жылдан бастап қамауда болған, қамаудағы уақыты бір күні бір жарым күнімен есептелген), өтелмеген мерзімі 11 ай 16 күн», - деп хабарлайды сот.

Ертаев отырған қамау орны оның мінез-құлқына оң баңа берген екен. Ал, «Рақымшылық туралы» Заңға сай, егер сотталған адамның қалған мерзімі бір жылдан аз болса және теріс мінез-құлық дәрежесі болмаса, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың өтелмеген бөлігі кешіріледі.

«Сот Ж.Ертаевтың өтініші қанағаттандырды. Сотталған Ж.Ертаевтың негізгі жазасының өтелмеген 11 ай 16 күні босатылды», - деп хабарлайды сот.