Түнде бұл қауіпті аймақ көлік жүргізушілері үшін нағыз сынаққа айналған.
Алматы облысы, Шелек ауылының тұрғындары бірнеше айдан бері шу көтеріп жүр. «Арман» жолайрығынан түсетін тұста жарық тіректері жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Түнде бұл қауіпті аймақ көлік жүргізушілері үшін нағыз сынаққа айналған.
Полиция департаментінің ресми жауабы да бар:
«Жел генераторларының қалақтарын тасымалдаған арнайы көліктерге кедергі келтірмеу үшін жарық бағандары уақытша алынды».
Алайда жергілікті халықтың көргені басқа. Куәгерлердің айтуынша, бағандар «қолмен шешіліп алынғаннан» гөрі, ауыр көліктер қағып кеткендей күйде жерге құлап жатты. Сол себепті ауыл тұрғындары жоғары органдарға шағым жазды. Министрліктен комитетке, одан «ҚазАвтоЖолға», одан қайта облыстық филиалға — арыз-шағымдар футбол добы секілді қолма-қол кері қайтарылып отырды.
Ал соңғы жауап тіпті ашу туғызды: «Жарық қалпына келтірілді», — депті. Тіпті сурет қоса жіберген.
Бірақ ауылдағылардың сөзіне сенсек, ол суреттер шындыққа мүлдем жанаспайды. Қағаз жүзінде бәрі жарқырап тұр. Шын мәнінде — қараңғы түн.
«Күнде тәуекел етіп жүрміз. Әсіресе жаңбырлы кештерде қиын. Машиналар жылдамдықпен келеді, бұрылыс күрт, ал жарық жоқ. Тек қағаздағы уәде ғана», — дейді Шелек тұрғындары.
Шенеуніктер қауіпті аймаққа «Қауіпті бұрылыс» және «60 км/сағ» белгілерін орнатамыз деп сендірген. «Айдың соңына дейін» деген уәдені олар бұрын да айтқан. Осылайша, Алматы–Шелек–Қорғас трассасындағы ең қауіпті бөліктердің бірі әлі күнге дейін жарықсыз қалып отыр. Тұрғындар шағымданып жүр, полиция бағандардың алынғанын мойындайды, ал «ҚазАвтоЖол» қағаз жүзінде бәрі қалыпқа келтірілген деп мәлімдейді.