09.09.2025, 18:00

«Ұшқыш болмағанына шүкір»: Алматыда автобусты тоқтатып намаз оқыған жүргізуші елдің ашуына тиді (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Оқиға 3 қыркүйек күні шамамен сағат 19:05-те болған. 

Әлеуметтік желіде Алматы қаласында түсірілген видео қызу талқылануда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Онда №132 бағыттағы автобустың жүргізушісі жолаушыларды отырғызып келе жатып, көлікті тоқтатып қойып, намаз оқып тұрғаны көрінеді.

Оқиға 3 қыркүйек күні шамамен сағат 19:05-те Брусиловский көшесімен Абай даңғылы бағытына қарай кетіп бара жатқан автобуста болған. Куәгердің айтуынша, жүргізуші кенеттен Туркебаев көшесіне бұрылып, автобусты тоқтатып, салон ішінде құлшылыққа кіріскен.

Видео кадрларында жолаушылардың бірі есікті ашуды өтінгені анық байқалады. Әйел адамның шағымына қарамастан, жүргізуші біраз уақыт жауап бермей, тек кейінірек есікті ашып, жолаушының шығуына мүмкіндік берген.

Бұл жайтқа қатысты желідегі пікір екіге бөлінді. Бірі – қоғамдық көлікте мұндай әрекет жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді десе, енді бірі – «намазды уақытында оқығаны үшін жүргізушіні қолдаймыз» деп пікір білдірді.

«Ұшақ ұшқышы болмағанына шүкір», «Операция жасап жатқан хирург емес екеніне рахмет», – десе, тағы бір бөлігі «бәрібір кептелісте тұрсыздар, екі-ақ минут күте салуға болады» деп жүргізушіні ақтап алды.