Қазақстан – "жар базары" емес, идеялар елі.
Танымал фембике, қоғам белсендісі Айгерім Құсайынқызы Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың әзіліне жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Айта кетейік, ІТ маманы "Өкінішке қарай, мен мұнда жар іздеуге келмедім" деп әзілдеген еді.
“Құрметті Павел Дуров мырза! Қазақстанға келіп, жасанды интеллект туралы пікір бөліскеніңіз үшін алғыс айтамыз. Алайда бір ескертпеміз бар: “Қазақстанға жар іздеуге келеді”деген қалжыңыңыз біздің қоғамда кең талқыға түсіп жатыр. Көшпенді қазақ қоғамының әйелдері үнемі объект емес, өзгерістің агенттері болған. Ал біз – сол ұрпақтың жалғасымыз. Біз экспорттайтынымыз – білім, технология және адам құқықтарына құрмет", – деп жазды Айгерім.
Сондай-ақ қоғам белсендісі еліміз қыз іздейтін жер емес екенін ескертті.
"Қазақстанға жар іздеп келеміз" дейтіндердің әрекетін күлкі ретінде қолдану – бізді тауарша сипаттау әрі мәдениетімізді сыйламау. Қазақстан – "жар базары" емес, идеялар елі. Бұл қалжың форматында болған риторика әйелдерді субъектіктен айырып, елдің білім мен технологияға негізделген күн тәртібіне, сондай-ақ гендерлік теңдік бойынша жүргізіліп жатқан реформаларына қайшы келеді. Біз диалогты “стереотиптен” емес, инновация мен инклюзиядан бастауды ұсынамыз. Әпке-қарындастарын өзге ұлттардан қызғыштай "қорғайтын", себебі бізді "ұлт меншігі" көретін уытты маскулиндіктің майын тамызып тұрып сізге дәріс-ақыл айтар біз қаламаған, Құдайдан сұрамаған аға-інілеріміз сізге қоқан-лоқы көрсетіп жатса, оның себебі сіздің сөздеріңіз екенін ұмытпаңыз. Ескертіп қоюды жөн көрдім", – деп жазған ол.