Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігі хабарлады.
АҚШ Ресейдің Украинаға жасаған жаңа соққыларынан кейін, салдарынан екі бала қоса жеті адам қаза тапқаннан соң, Ресейдің екі ірі мұнай компаниясына — «Роснефть» пен «Лукойлға» қарсы санкциялар енгізді. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігі хабарлады. Ведомство мәліметінше, мұндай шешім Мәскеудің «бейбіт келіссөздерге шынайы дайын еместігімен» байланысты қабылданған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Санкциялар аталған компанияларды іс жүзінде америкалық қаржы жүйесінен ажыратады, яғни олар үшін доллармен кез келген операция жүргізуге тыйым салынады. Бұл талапты бұзғандарға, соның ішінде шетелдік банктерге де, қатаң шектеулер қойылады.
Президент Дональд Трамп бұл шараларды «өте маңызды» деп атап өтіп, «соғыс аяқталса, олар ұзаққа созылмайды» деген үміт білдірді.
Санкциялар туралы шешім келесі аптада Венгрияда өтуі тиіс болған Трамп пен Путиннің кездесуінің тоқтатылуынан кейін қабылданды. Ақ үй дереккөздерінің хабарлауынша, Вашингтон келіссөздерді «ерте» деп есептеген, себебі Мәскеу мен Киев арасындағы прогресс байқалмаған. Саммиттің күшін жою — АҚШ пен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардағы тағы бір бетбұрыс болды.
Өткен аптада Трамп атысты тоқтату идеясын ілгерілетуге дайын екенін мәлімдеген, алайда Мәскеу бұл ұсынысты қабылдамаған. The Washington Post дерегінше, «Роснефть» пен «Лукойлға» қарсы бұл санкциялар — Трамптың екінші президенттік мерзіміндегі Ресейге бағытталған алғашқы ірі шектеу шаралары болып табылады.
Публицист Виталий Портниковтың пікірінше, Трамп соғысты тоқтату мақсатында Зеленский мен Путинге қысым жасап отыр. Ол Трамптың Кремльге «ерекше шарттармен» бітім ұсыну арқылы дипломатиялық жолмен атысты тоқтатуға ниетті екеніне сенімді. Егер Путин келісімге келмесе, Вашингтон Украинаға Tomahawk сияқты алыс қашықтықтағы зымырандар беруі мүмкін. Портниковтың ойынша, дәл осы қадам ауқымды қақтығыстың басталуына түрткі болуы ықтимал.