Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті оны «әйелдікке алу» мақсатында ұрлаған.
Жақында ғана Қазақстанда қызды немесе әйелді мәжбүрлеп тұрмысқа шығуға итермелеуге тыйым салатын заң қабылданған еді. Алайда кейбіреулер заңнан емес, ардан қорықпайтын сияқты.
Кеше Тараз қаласында күндізгі уақытта автобус аялдамасынан бір қызды күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, бұл жағдай ондаған адамның көз алдында болған. Куә азаматтар қылмыскерді тоқтатуға тырысқан: көліктің есігін жауып, ер адамға рөлге отыруға мүмкіндік бермеген, тіпті қызды көліктен шығармақ болған. Бірақ ер адам бәрібір қызды күштеп алып кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті оны «әйелдікке алу» мақсатында ұрлаған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы «Адам ұрлау» бойынша тергеу басталғанын хабарлады.
«Барлық қатысушылар анықталып, жауап алынды. Тараптардың бұрыннан таныс болғаны және бір-біріне шағымы жоқ екені белгілі болды», — делінген полицияның ресми хабарламасында.
Дегенмен, тергеу жалғасып жатыр. Себебі тараптардың шағымы болмаса да, мұндай ауыр фактілер бойынша полиция істі тоқтата алмайды.