Алматы облысында қарақшылар жауыз әрекетке барды. Ұрылар екі үйір жылқыға оқ жаудырып, оларды жолдың бойында атып өлтірген. Мылтықтың оғынан өлген жылқыларды сойып, тек етін ғана алып кеткен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Екі үйір жылқыға оқ жаудырған қылмыстық іс Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйдібек би ауылының маңында болған. Ұрылардың мылтығынан сегіз жылқыға оқ тиген. Олардың төртеуі өліп, қалғаны қансырап жайылымда қалған.
Қарақшылар атып өлтірген жылқыларды түнімен сойып, етін алып кеткен.
«4 қаңтар күні кешкі сағат 18:00-де 43 бас жылқыны жинап, қожалықтың маңына әкеліп қойдым. Сиыр, қой және жылқы бағам. Қорадағы қой мен сиырды жайлап, жем-шөбін беруге кеттім. Түнде ұрылар жылқыны автобетонның жанына үйіріп, оқ жаудырған. 4 бас жылқыны сойып, терісін, басын тастап, етін алып кеткен, Тағы 4 жылқыға оқ тиген. Олар қансырап қорада тұр», — деді шаруа қожалығының иесі Қизат есімді жігіт.
Ауыл тұрғындары күндізгі сағат 11 кезінде полиция шақырған. Жедел тергеу тобы түнге қарай бірақ жеткен. Оқиға орнынан көптеген айғақ заттар табылған. Тіптен атылмай қалған оқты да сақшылар алып кеткен. Бірақ жылқыларды атып өлтірген қарақшыларды сол қалпы іздемеген.
«Тергеу тобы кешкі 18:00-де бірақ келді, қараңғы түскенде. Өзімізден түсініктеме алумен уақыт өткізді. Оқты жергілікті учаскелік полиция алды. Ешқандай әрекет жоқ. Үнсіз, мал бауғдан қалдық, ауылдың іргесіндегі малды мылтықпен қырып, ұрлап жатыр. Заң мен тәртіпке бағынатын елдің, заң үстемдік құратын елдегі әрекет осы ма? Полиция әлі күнге тыныш, тек формалды түрде ғана жұмыс істегендей болады. Темекінің қалдығы, ұрылардан қалған құты, із, басқада айғақ заттар табылды. Бірақ полиция әдеттегідей сылбыр, үнсіз, олардың ұрыларды білмеуі мүмкін емес», — деді қожалықтың иесі.
Ұрылардың әрекетінен ауыл тұрғындары үрейленіп қалған. Олар қолдағы азғана малын жайылымға жіберуге қорқып отыр.
Аталған жағдайға қатысты Алматы облыстық полиция департаменті ешқандай түсініктеме бермеді.