Ресми мәліметке сәйкес, оқиға 6 қаңтарда тіркелген.
Жамбыл облысындағы Отар әскери бөлімінде мерзімді қызметін өтеп жүрген сарбаздардың бірінің саусағы жарақат алғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ресми мәліметке сәйкес, оқиға 6 қаңтарда тіркелген. Алайда Құрлық әскерінің баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде тараған «сарбаз балтамен өз саусағын шауып тастады» деген ақпаратты растаған жоқ.
«2026 жылғы 6 қаңтарда қатардағы сарбаз таңғы тексеру кезінде казарма алдында тұрған сәтте темір затпен сол қолының саусақтарын жарақаттаған. Жауапты қызметкерлер оны дереу әскери госпитальға жеткізіп, медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда сарбаздың өміріне ешқандай қауіп жоқ», — деп хабарлады Құрлық әскерінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, ведомство сарбаздың бұл әрекеті командирлер тарапынан қысым көрсетілуімен байланысты деген ақпаратты да жоққа шығарды.
«Сарбаздың өз түсіндіруінше, ол бұл әрекетке жеке мәселелеріне байланысты барған. Оқиғаның әскери қызметпен, командирлермен немесе лауазымды тұлғалармен еш қатысы жоқ. Командирінен ескерту алған соң саусағын кесіп тастады деген мәлімет шындыққа сәйкес келмейді», — делінген ресми хабарламада.
Аталған оқиғадан кейін әскери бөлімге арнайы комиссия жіберілгені белгілі болды.