Қазір жоғарыда аталған келісім беру өкілеттіктері Сенаттың құзыретінде.
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында бір палаталы Құрылтайға қазіргі Сенат пен Мәжілістің қандай өкілеттіктері берілетінін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
- ҚР Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін ҚР Қарулы күштерін қолдану туралы шешімді қабылдауға қатысты қолданыстағы норманы өзгеріссіз қалдыру ұсынылады. Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына түскен ұсыныстар негізінде Парламент Сенаты мен Мәжілістің Конституция баптарында айқындалған құзыреттеріне қатысты кейбір баптар біріктіріліп, жетілдірілді. Және бірқатар өкілеттіктерін Құрылтайға беру ұсынылады, - деді ол.
Олардың негізгілері:
- Құрылтай ҚР Президентінің сайлауын жариялайды және Республикалық референдум тағайындау туралы бастаманы көтереді.
- Құрылтай депутаттары ҚР Президентіне жалпы санының көпшілік даусымен ҚР Вице-президентін және ҚР Премьер-министрін тағайындауға келісім береді.
- Сондай-ақ, Президенттің ұсынысымен ҚР Конституциялық сотының 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін тағайындауға Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен келісім беру нормасы ұсынылып отыр.
- Қазір жоғарыда аталған келісім беру өкілеттіктері Сенаттың құзыретінде. Оны алдағы уақытта кеңейтіп, бір палаталы Парламент – Құрылтайға беру палатаның өкілеттігін күшейтіп, айқындайтын тиімді норма деп ұсынып отырмыз, - деді Нұрлан Бекназаров.
Сонымен бірге, Құрылтай ҚР Президентінің ұсынысымен ҚР Жоғары сотының судьяларын сайлайды және лауазымынан босатады, олардың антын қабылдайды.
Құрылтайға Конституциялық сот судьяларын, Жоғары сот судьяларын және ҚР Бас прокурорының ұсынуы бойынша Құрылтай депутаттарын тиіспеушіліктен айыру мәселелерін шешу өкілеті берілмек.
- Конституциядағы Мәжілістің көпшіліктің даусымен Үкіметке сенімсіздік білдіру құқығын Құрылтайға беру ұсынылып отыр. Қазақстан Республикасындағы Конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын және жылына екі рет Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін тыңдау мәселесі де өзгеріссіз қалдыру ұсынылады, - деді сенатор.