Танымал қазақстандық кәсіпкер Айдын Рақымбаевтың жұбайы Анар Рақымбаева Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысып, Билл Гейтспен жеке кездесуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Айдын Рақымбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жұбайының Давосқа ЮНИСЕФ желісі арқылы барғанын жазды. Бірнеше кездесуден кейін Анар Рахимбаева Microsoft компаниясының негізін қалаушы және әлемдегі ең ірі қайырымдылық жасаушылардың бірі Билл Гейтспен өтетін жабық форматтағы түскі асқа шақырылған 15 меценаттың қатарына енген.
"Тек танысып қана қоймай, еліміздегі балаларға арналған жобаларымыз туралы айтып берді. Сол үшін оны АҚШ-та өтетін үлкен іс-шараға шақырды. Нағыз найманның келіні, арғынның қызы", – деп атап өтті кәсіпкер.
Айдын Рақымбаев әзіл-шыны аралас Билл Гейтспен танысу оның көптен бергі арманы екенін айтты. Ал жұбайы ол үшін арнайы фото жасап, шақырту да алып келгенін жеткізген.