Тараздағы Зүлфия Төленованың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Әлеуметтік желіде Тараз қаласында ұзақ жылдар бойы аға-жеңгесінің қолында құлдықта болған Құндыздың қол-аяғы байланған сурет тарағаннан кейін қоғамда үлкен резонанс туған еді. Осы жағдайдың мән-жайын анықтау үшін журналист Руслан Өтепбай Құндыз бен Назгүл тұрған жерге арнайы барып, олармен жеке сөйлескен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Сұхбат барысында Құндыз өзін заңды қамқоршысы Зүлфия Төленова азаптағанын, скотчпен қол-аяғын және аузын байлағанын айтқан. Бұл мәлімдемеден кейін қамқоршыға қатысты күдік күшейе түсті.
Арада көп өтпей, Зүлфия Төленованың өз қамқорлығындағы өзге балаларға да күш көрсеткені жөнінде деректер жарияланды. Журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желіде бейнежазба таратып, онда қамқоршының мас күйде балаларды ұрып-соғып жатқан сәттері бейнеленгенін мәлімдеді.
Журналисттің айтуынша, 2025 жылдың 29 желтоқсанында Зүлфия Төленованың үстінен ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Арызданушылар — оның асыранды балалары.
«Балалардың айтуынша, Зүлфия Төленова ішімдік ішіп алып, олардың мазасын алып, бірнеше рет қол көтерген. Қазіргі таңда аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, заң аясында жауапқа тартылады», — деп жазды Руслан Өтепбай.
Оның айтуынша, бұл істі Жамбыл облысының полиция департаменті толық әрі әділ тексереді деген үміт бар. Құзырлы органдар әзірге ресми қорытынды жариялаған жоқ.