Әрине, өзінің талап-міндеттерін оңай орындата бастайды.
"AMANAT" партиясының депутаты Жарқынбек Амантайұлының Мәдениет және ақпарат министрі мен Бас прокурорға онлайн курстар мен тренингтерге қатысты сауал жолдады. Айтуынша, елде пайдасынан зияны басым тренингтік курстар көп және оларға қарсы шара қолдану қажет, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе туралы сауалды қайтадан көтеруге мәжбүр болған
“Мәселенің өткір, өзектілігі мен азаматтардың санасын улаудағы ауыр салдарын ескере отырып, қайта көтеруге мәжбүрміз. Бүгінде жарнамасы жаңғырып тұрған тренингтер азаматтарымызға пайда емес, керісінше, рухани, психологиялық және қаржылық зиян келтіріп отыр. Мысал келтірейін. vybor.kz интернет платформасы арқылы өз қызметін белсенді түрде насихаттайтын MINDFULNESS оқу орталығы үш сатылы тренинг ұсынады”, – деді ол.
Депутат олардың құны да арзан емес екенін алға тартты. Айтуынша үш сатылы тренингтің құны:
Бірінші, жалпы курс – 50 000 мың теңге. Екінші, трансформациялық курс – 95 000 мың теңге. Үшінші, көшбасшылықты дамыту курсы – 150 000 мың теңге. Онлайн форматтағы "эмоционалдық еркіндік" курсының құны 200 000 мың теңгеге жетеді.“Осындай "креативті ойлауды", "тиімді коммуникацияны", "шешен сөйлеуді" тегін үйретеміз деп уәде беретін орталықтар да аз емес. Олардың қатарында шетелдік "Вектор", "Лидер-мотиватор" секілді атаумен жұмыс істейтін орталықтар бар. Бірақ барлығының жұмыс істеу әдісі бір. Таңертең қатысушылардың телефондарын жинап алады. Одан кейін психологиялық және моральдық қысымға негізделген "ақыл-кеңестер" арқылы адамның жеке кеңістігіне қол сұғып, санасын біртіндеп улайды. Содан кейін не болады? Әрине, өзінің талап-міндеттерін оңай орындата бастайды. Курстың бірінші курста адамды көпшілік алдында жеке проблемасын ашық айтуға мәжбүрлейді. Бірі жылайды, бірі айқайлайды, бірі күледі, бірі билейді. Тіпті кейбіріне еденді тілімен жалау, бір-бірінің түкірігін ішкізу сияқты айтуға ауыз бармас сорақы әрекеттер жасатады”, – деп қосты ол.
Жарқынбек Амантайұлы екінші курста жағдай одан әрі ушығатынын жеткізді. Айтуынша, тіпті қатысушыларға әлеуметтік рөлін өзгерту міндеттеледі
“Ер адамға әйел киімін киіп, көшеде жүру тапсырылуы мүмкін немесе өзін "бомж" кейпіне салып, қоқыс маңында тамақ жеу талап етіледі. Осылайша бұл тренингтер адам санасын тәжірибе алаңына айналдырады. Ал курс аяқталған соң қысымның жаңа түрі басталады. Қатысушыға міндетті түрде үш адамды курсқа тарту талабы қойылады. Орындай алмаса тағы да қорқыту, психологиялық қысым, әуелде өзі әшкерелеген қылмыстары мен айыптарын жариялау, жобадан шығарамыз деген сынды үрей туғызады. Ай-күннің аманында қарапайым азаматтарды рухани күйретіп, психологиялық тұрғыда әлсіретіп, қаржылай тонауға жол беруге болмайды. Мұндай сорақылықты тренниг емес, диструктивті секта ретінде қарап, қатаң шара қолдану керек деген пікірлер де айтылады қоғамнан”, – деп қосты ол.
Депутат осыған байланысты, тексеру жүргізуді, азаматтарды қорлау, психологиялық қысым көрсету, мәжбүрлеу және манипуляция белгілері бар әрекеттерге құқықтық баға беріп, анықталған фактілер бойынша нақты шаралар қабылдауды сұрады. Айтуынша, мұндай тренингтік бағдарламаларды лицензиялау, сертификаттау және мемлекеттік реттеу тетігін енгізу қарастыру керек.