28.01.2026, 15:50

«Сауатсыз, ашкөз, көрсеқызар адам патриот бола алмайды»: Тоқаев жалған патриотизм туралы сөз етті

Фото: Ақорда

Сондықтан бұл арада отаншылдықты дұрыс түсіне білгеніміз абзал.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қаржылық барлау қызметкерлерінен нағыз жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарайтын отаншылдықты талап етемін. Мұндай қасиетке ие адамдар жемқорлықтан, ашкөздіктен, сауатсыздықтан ада болуға тиіс. Сауатсыз, әсіресе ашкөз, көрсеқызар, жемқорлыққа бейім адам ешқашан патриот бола алмайды. Әрине, ол өзін патриот санауы, алаулатып, жалаулатып сөйлеуі мүмкін. Алайда ол патриот емес және оны бәрі біледі. Сондықтан бұл арада отаншылдықты дұрыс түсіне білгеніміз абзал. Мен бұл жөнінде Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында айттым. Қазіргі уақытта жаңа Конституцияның мазмұнын қарап жатырмыз. Біз осы өзгерістер аясында патриотизм туралы ұғымды нақтылап, жауапкершілікке әрі жасампаздыққа құрылған отаншылдықты айқындай аламыз деп ойлаймын. Нағыз патриот барлық жерде, ол Қаржылық мониторинг агенттігі немесе мемлекеттік меншіктегі кәсіпорын болсын, жеке кәсіпкерлік нысаны, университет, мектеп болсын, адал еңбек етуге тиіс. Әркім өз жұмысын жақсы атқарса, оны патриот деп санаймыз. Жалпы, тексеру шаралары мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне қатысты жұмысқа кесірін тигізбеуі керек. Бюджет қаражатын уақтылы игеруге де кедергі келтірмеуі қажет. Ақпараттық, коммерциялық қауіпсіздікті және жеке деректерді қорғау мәселесін назарда ұстаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Оның айтуынша, алдымен әлеуметтік салада қалыптасқан қаржылық жағдайды ретке келтіру керек.

Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау сияқты ұлт болашағына әсер ететін, үнемі халқымыздың назарында болатын маңызды салаларға баса мән берілуге тиіс. Осыған дейін де айтып өттім, жалпы әлеуметтік салада заң бұзушылықтар аз емес. Қаржы операцияларына мониторинг жүргізу кезінде нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заманауи тәсілдерді ұтымды пайдалану қажет. Басты мақсат – бәрін жаппай тексеру емес, ел экономикасына қауіп төндіретін сын-қатерлерді дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау. «Шаш ал десе, бас алып», шектен шығуға болмайды. Қайталап айтамын: Агенттік қызметкерлерінің міндеті – қаржы ұйымдарын жаппай тексеру емес, керісінше экономикаға төнген қауіптің бетін қайтарып, тойтарыс беру үшін уақтылы шара қабылдау. Бұл ретте цифрлық жұмыс тәсілдері ауадай қажет. Бірақ жасанды интеллектіге ғана емес, өз ақыл-ойларыңызға да сенген артық етпейді. Адамдар ЖИ-ге арқа сүйей бастағанын, тіпті баяндамаларын да өздері жазбай, оны Grok пен ChatGPT-ге тапсыратынын байқаймын. Яғни адамдар дұрыс оқуды, тиісті білім алуды емес, интеллектіні түрлі нұсқада қалай пайдалануды үйренуде. Мұның салдары ауыр болады, – деді Президент.