Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды.
Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түскен барлық ұсыныстың негізінде әзірленіп отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бақыт Нұрмұхановтың сөзінше, жаңартылған Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерген. Жалпы, өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілген. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ын құрамақ.
– Ұсынылған өзгерістер – маңызды әрі ақылға мұқият салынған қадам, олар тұжырымдамалық тәсілдерді өзгертіп, құқықтық дәлдікті нығайтып, Конституцияның сапасын арттырады, – деді Конституциялық комиссияның мүшесі.
Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталып жатыр. Бақыт Нұрмұханов мамандар Конституцияның нормаларын дұрыс жазу, мағыналық сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, түсініксіздіктерді болдырмау бойынша үлкен жұмыс атқарды. Жиынтық жобада ұсынылған новеллалар Қазақстанның конституциялық негіздерін қамтып, оның келбетін түбегейлі өзгертеді. Бұл түзетулер көзделген институционалдық және құрылымдық реформа үшін үлкен әлеуетке ие.
– Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру және қорғау кепілдіктері күшейтіліп жатыр. Президенттік басқару формасын сақтай отырып, мемлекеттік билік құрылымы айтарлықтай өзгереді, – деп мәлімдеді Бақыт Нұрмұханов.
Сонымен қатар, ол негізгі өзгерістерді де атап өтті: жаңа бір палаталы Парламент моделі енгізіледі, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді, Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері мен Ата заң негізінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігі артады. Конституциялық комиссияның мүшесінің хабарлауынша, конституциялық новеллалар мемлекет миссиясын, оның функцияларының мазмұнын, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынас қағидаттарын жаңа қырынан түсінуге мүмкіндік береді, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге кеңінен тартуға жол ашады.
– Бұл Конституция мазмұнының жаңаруы мен түбегейлі өзгеруі туралы айтуға мүмкіндік береді, – деп нақтылады сөзін ол.