29.01.2026, 12:00

Шымкентте тағы бір әйел пышақ жарақатынан қаза тапты (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Оқиға туралы полицияға куәгерлер хабарлаған.

Шымкент қаласында әйел жол бойында пышақ жарақатынан қаза тапты. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті жәбірленушіге өзара жеке бас араздығы негізінде пышақ жарақаттарын салған. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Оқиға туралы полицияға куәгерлер хабарлаған.

- Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктіні ізін суытпай анықтап, ұстады. Ұстау кезінде қарулы күдікті қарсылық көрсеткен. Осыған байланысты қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес полиция қызметкерлері табельдік қаруды қолдануға мәжбүр болған, - деп жазды жергілікті ПД.

Күдікті медициналық мекемеге жеткізіліп, қазіргі уақытта полицияның күзетінде.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.