30.01.2026, 18:10

Қос немесе көп азаматтықтың болуына жол берілмейді – жаңа Конституция жобасы

Фото: informburo.kz

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Конституциялық сот төрағасының орынбасары, комиссия мүшесі Бақыт Нұрмұханов жаңа Ата заңның жобасын таныстырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

«Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтықтың болуына жол берілмейтіні анық жазылды. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады. Комиссияның алғашқы отырыстарында әркімнің жеке басының бостандығы құқығын қылмыстық іс жүргізу барысында қорғау кепілдігін нығайту қажеттігі туралы айтылған болатын. Бұл бағытта кейбір айрықша жағдайларды қоспағанда адамды соттың шешімінсіз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту ұсынылған еді», – деді Бақыт Нұрмұханов.

Оның айтуынша, кейінгі отырыстарда бұл мәселе қызу талқыланып, нақты мерзімдер заң деңгейінде белгіленсе деген пікірлер айтылды. Бұл жобада ескерілген.

«18-бапта «Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды» деп беріліп отыр. Адамды күзетпен ұстауға сот шешімімен жол беріледі. Ол тұлғаның шағым жасау құқығы қарастырылды. Сөз еркіндігіне, ғылым, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне, зияткерлік меншік ұғымына қатысты ережелер толығымен қолданды», – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.