Кей қолданушылар жағдай әдейі жасалғандай әсер қалдыратынын да алға тартқан.
Әлеуметтік желіде республикалық тасжолдардың бірінде түсірілген видео қызу талқыға түсті. Кадрдан жол бойына шашылған ірі қиыршықтар анық көрінеді. Көлікпен қозғалып келе жатқан жүргізуші бұл жағдайға наразылығын жасырмай, жауапты мекемені сынға алған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Желі қолданушылары да пікір бөлімінде жаппай шағым жазды. Көпшілігі мұндай тастардың салдарынан көліктерінің алдыңғы әйнегі жарылып, материалдық шығынға ұшырағанын айтуда.
Мәселен, бір жүргізуші:
«Осындай тастардан алдыңғы әйнегімде төрт тесік пайда болды. Шығынды осы компания өтеп беруі керек», - деп жазған.
Тағы бір пікірде:
«Бүгін мен де жүрдім, үлкен тастар жатыр. Неге полиция бұған шара қолданбайды? Бұл апатқа әкелуі мүмкін», - делінген.
Кей қолданушылар жағдай әдейі жасалғандай әсер қалдыратынын да алға тартқан. Ал енді бірі зардап шеккен жүргізушілерді сотқа жүгінуге шақырды.
Осы мәселеге қатысты «ҚазАвтоЖол» өкілдері ресми жауап берді. Олардың мәлімдеуінше, видеода көрінген заттар тас емес, жолға себілетін арнайы материал.
Мекеме түсіндірмесінде қыс мезгілінде, әсіресе жаңбырдан кейін, бұл материал жабысып, кейін қатып қалатыны айтылған. Температура төмендегенде олар мұз болып, механикалық әсерден үгітіледі. Сондай-ақ бұл «табиғи әрі қалыпты процесс» екені, жүргізушілерге айтарлықтай қолайсыздық тудырмайтыны жеткізілген.
Алайда желідегі реакция бұған кереғар. Жүргізушілер мұндай түсіндірмені жауапкершіліктен жалтару деп бағалап отыр. Көпшілік жол сапасына жауапты мекеме келтірілген шығынды өтеуі тиіс деген талап қоюда.