Олжас Әбішев өзінің не үшін істі болғанын ашық айтып, қорқыныш факторы туралы сөз қозғады.
Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтің орынбасары, қазіргі уақытта цифрландыру саласы бойынша эксперт Олжас Әбішев "Qasqa Jol" YouTube арнасында қонақта болып, өзі айналысып жүрген сала бойынша біраз мәселені көтерді, - деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұрынғы орынбасар медицинадағы ақпараттық жүйе туралы айтып, аталмыш сала неліктен әлі күнге дейін толықтай цифрланбай отырғанын түсіндірді.
"Денсаулық сақтау министрлігінде бір-бірімен байланыспаған 30 ақпараттық жүйе бар. Бірақ біріктірген күннің өзінде, егер адамның ойы өзгермесе, ол жүйе пайда болмайды. Ақпараттық жүйелер бар болса да, жалған тіркеулер, жалған емдеу деректері арқылы ақша жымқыру фактілері анықталған. Себебі процестер дұрыс құрылмаған. Президенттің өзі министрдің қол астында миллиардтаған қаржы ұрланып жатқанын айтты. Сонда 30 ақпараттық жүйенің не пайдасы бар? Егер басқарушылар 30 ақпараттық жүйедегі мәліметтерді дұрыс бақыламаса, былық жалғаса береді", - деді сарапшы.
Олжас Әбішев өзінің не үшін істі болғанын ашық айтып, қорқыныш факторы туралы сөз қозғады.
"Бұл жерде екі мәселе бар Біріншіден, министр жалғыз өзі бүкіл саланы толық бақылап отыра алмайды. Қазақстанда 8 мыңнан астам медициналық мекеме, 290 мың қызметкер бар. Жыл сайын 3 триллион теңге бөлінеді. Бірақ министрдің цифрландыруға жауапты орынбасары бар. Сол адам неге жүйелерді біріктірмеген? Неге жалған деректерді анықтамаған? Өйткені бұл жерде қорқыныш факторы бар. Егер біреу жүйені тексеріп, түртетін болса менімен Біртанов сияқты сотталып кетеді. Біз мемлекеттік қызметкерлердің эффективті имиджін істеді деп сотталып кеттік. Сондықтан бәрі қорқып, ешкім тиіспейді. Қазіргі қызметкерлердің негізгі мақсаты жұмыстан шықса да сотталмау. Себебі біз сотталдық қой. Коррупция, ақша жымқырып қамауға алынбадық. Сот үкімінде: Біртанов пен Әбішев "мемлекеттік қызметкерлердің эффективті имиджін жасаған" деп жазылған. Сол үшін бүкіл шенеуніктер ұрланса ұрлана берсін, бізді ескерту беріп жұмыстан шығарып жібереді, тек сотталмайық деп жүр. Бұл - негізгі себеп".
Сондай-ақ ол медицина саласындағы мәселенің шешімін таппай жүргеніне бес жыл болғанын, қазіргі жауапты адамдар Біртановтың тағдырын қайталаудан қорқып отырғанын мәлімдеді
"Президент жыл сайын жүйелерді біріктіру туралы тапсырма береді. Бірақ ол орындалмайды. Себебі тапсыратын уақыты келгенде жауапты шенеуніктер жұмыстан шығып кетіп немесе қызметін ауыстырып жіберіп отыр. Ал министр қорқып отыр. Себебі Біртановты соттап жіберді. Дардай министрді мафия соттап жіберді. Келесі министр Біртановтің жұмысын қайталаса, оны да соттап жібереді. Президенттің өзі министрдің қол астындағы ақшаның жымқырылып жатқанын нұсқап айтып отыр. Ескерту берілсе де ешкім сотқа барғысы келмейді. Сылтау айтып жүргендеріне 5 жыл болды", - деді сарапшы.