Дәрігердің айтуынша, бір ай ішінде сарбаз ауруханадан шығарылады.
Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде жарғы талабына сай емес әрекеттердің салдарынан жарақат алған мерзімді қызмет әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Есбол Қапардың халі жақсарып келеді. Қазіргі уақытта ол Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Әскери-клиникалық госпиталінде оңалту курсынан өтіп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында орын алып, оның салдарынан сарбаздың бірінің төменгі жақ сүйегі сынған. Зардап шеккен сарбаз дер кезінде ауруханаға жатқызылып, оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жауынгерлің денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің ұдайы бақылауында.
Әскери-клиникалық госпитальдің жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Владислав Мусатовтың айтуынша, қатардағы жауынгер Есбол Қапардың жағдайы жақсы.
– Түскен сәтте оның жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық деп бағаланды. Госпитальге жатқызылған сарбазды емдеу толық көлемде жүргізілуде. Қазіргі кезде халі жақсарғаны байқалады. Психологиялық жағдайы да тұрақты, шайнау және ауыз ашу функциялары да жақсарып келеді. Жақында бекітуші шиналарды алынады. Әскери қызметші физиотерапия, дәрумендік терапия, жалпы нығайтушы ем және емдік дене шынықтыру сабақтарынан өтуде. Алдағы уақытқа гипербариялық оксигенация сеанстары жоспарланған. Оңалту кезеңі аяқталған соң, әскери-дәрігерлік комиссиядан өтетін болады, – деді Владислав Мусатов.
Дәрігердің айтуынша, бір ай ішінде сарбаз ауруханадан шығарылады. Толық сауығуы үшін оған сырқатына байланысты демалыс беріледі. Жазылған соң өз әскери бөлімінде қызметін жалғастырады.
27 қаңтар күні аталған дерек бойынша Гвардейск гарнизонының әскери полициясы тарапынан қылмыстық іс қозғалған болатын. Материалдар Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Барлық қатысы бар адамдардың, оған қоса оқиғаның жай-жапсарын жоғары қолбасшылыққа уақтылы баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда олқылық жіберген әскери бөлімнің лауазымды адамдарының әрекеттеріне жан-жақты құқықтық баға берілетін болады.
Тергеу шаралары кезеңінде бірқатар лауазымды адамдар қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетілді. Тергеу қорытындысы бойынша кінәлілер Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдай Қарулы күштер басшылығының жіті бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.