Ғалымдар күнделікті қағазбастылықпен емес, нақты зерттеумен айналысуы керек.
Мәжілісте ғылым саласына қатысты заң жобасы таныстырылды. Депутат Асхат Аймағамбетов мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік ғылыми ұйымдардың ғалымдарына да 56 күндік ақылы еңбек демалысын беру ұсынылып отырғанын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның сөзінше, ғылым ортақ болса, талап пен құқық та ортақ болуы тиіс. Сондай-ақ құжатта ғалымдардың қызметін дербес жоспарлауына, зерттеу нәтижелерін еркін жариялауына және академиялық еркіндігіне қатысты нақты нормалар енгізілмек.
Ал депутат Бақытжан Базарбек ғылымды қаржыландыруда ірі мұнай компаниялары да жауапкершілік алуы тиіс екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, табиғи ресурстан түсетін миллиардтар тек шикізат айналымында қалмай, ғылыми зерттеулерге бағытталуы қажет. «Ғалымдар күнделікті қағазбастылықпен емес, нақты зерттеумен айналысуы керек», – деді ол.
Базарбек ғылымды дамытуға бизнестің нақты үлесін арттыру мәселесі заң аясында қарастырылуы тиіс екенін атап өтті.