Әуежай ғимаратына зақым келіп, екі бейбіт тұрғын зардап шекті.
Әзербайжанның Сыртқы істер министрлігі Нахичевань қаласындағы әуежай аумағына ирандық дрондардың құлауына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, 5 наурыз күні күндіз Нахичевань Автономиялық Республикасы аумағына Иран Ислам Республикасы жағынан дрондар арқылы шабуыл жасалған. Ұшқышсыз аппараттардың бірі әуежай терминалы ғимаратына соғылса, екіншісі Шакерабад ауылындағы мектеп ғимаратының маңына құлаған.
«Біз Иран Ислам Республикасының аумағынан жүзеге асырылған бұл дрондық шабуылдарды қатаң айыптаймыз. Соның салдарынан әуежай ғимаратына зақым келіп, екі бейбіт тұрғын зардап шекті. Әзербайжан Республикасының аумағына жасалған бұл шабуыл халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттарын бұзады және аймақтағы шиеленісті күшейтеді», – делінген мәлімдемеде.
Министрлік Ираннан болған жағдайға қатысты қысқа мерзім ішінде нақты түсініктеме беруді, тиісті тергеу жүргізуді және болашақта мұндай шабуылдардың алдын алу үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.
«Әзербайжан тарапы тиісті жауап шараларын қабылдау құқығын өзінде қалдырады», – деп атап өтті министрлік.
Сондай-ақ Иранның Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Демирчилу Сыртқы істер министрлігіне шақырылғаны хабарланды. Иран тарабына қатаң наразылық білдіріліп, тиісті нота табысталады.