Қазақстанда демографиялық жағдай өңірлер бойынша да әркелкі.
Қазақстанда халық саны өсіп келе жатқанымен, соңғы жылдары туу көрсеткішінің баяулауы байқалады. Сарапшылардың айтуынша, бұл әлеуметтік өзгерістер, урбанизация және жастардың өмір салтының өзгеруімен байланысты.Қазақстан халқы негізінен жоғары туу деңгейі мен өлім-жітімнің төмендеуінің арқасында өсіп отыр. 1992 жылмен салыстырғанда елдегі халық саны 23%-ға артып, 20,4 млн адамға жетті. Сонымен қатар елде жастар үлесі жоғары. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен БҰҰ Халық қорының (UNFPA) мәліметінше, халықтың шамамен үштен бірі – 15 жасқа дейінгі балалар, ал 22,6%-ын 10–24 жас аралығындағы жастар құрайды. Қазақстан демографиясың бүгінгі жай-күйі қандай? Бала туу көрсеткіші халық санына қалай әсер етіп жатыр? Бұл туралы сарапшылардың пікірімен Sn.kz ақпарат порталының сараптамалық материалынан оқи аласыздар.
Қазақстан халқының саны 20 млн 500 мыңнан асты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 1 ақпанда ел тұрғындарының саны 20 518 005 адамға жетті. Халықтың 13 миллионнан астамы қалаларда тұрса, шамамен 7,5 миллионы ауылдық елді мекендерде өмір сүріп жатыр. 1-қаңтармен салыстырғанда тұрғындар саны 18 100 адамға артқан. Оның ішінде 15 800 адам табиғи өсім есебінен көбейсе, 2 300 адам сырттан көшіп келген.
Қазақстанда балалар халықтың шамамен 34%-ын, яғни үштен бір бөлігін құрайды. Бұл көрсеткіш жыл сайын тұрақты өсіп, елдегі демографиялық құрылымда балалардың үлесі жоғары екенін көрсетіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай демографиялық серпін мемлекет жүргізіп отырған балаларды қорғау және олардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясаттың жүйелі екенін айғақтайды. БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар Қазақстанның балалардың құқықтарын қамтамасыз ету және олардың әлеуметтік қорғалуын күшейту бағытында қол жеткізген нәтижелерін жоғары бағалап келеді.
Сонымен қатар осы оң үрдістің нәтижесінде Қазақстан туу туралы актілерді тіркеу деңгейі ең жоғары мемлекеттердің бірі саналады. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 100 пайызға жуықтап, бала құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.

Сонымен қатар соңғы жылдары туу көрсеткішінің төмендеу үрдісі байқалады. 2021 жылы елде шамамен 447 мың бала дүниеге келсе, 2022 жылы – 404 мың, 2023 жылы – 388 мың, ал 2024 жылы шамамен 366 мың сәби туған. 2025 жылдың бірінші тоқсанында мың адамға шаққандағы туу коэффициенті 15 болды.
Алайда сарапшылар бұл жағдайды дабыл қағатындай мәселе деп санамайды. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жанындағы демографиялық процестерді талдау орталығының жетекшісі Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, тұрақты демографиялық үрдіс туралы айту үшін кемінде 5–10 жылдық бақылау қажет. Оның сөзінше, пандемия кезеңінде байқалған қысқа мерзімді «бейби-бум» көрсеткіштерге уақытша әсер еткен.
Қазақстанда демографиялық жағдай өңірлер бойынша да әркелкі. Халық саны оңтүстік және батыс облыстарында өсіп жатқан болса, солтүстік пен шығыс аймақтарда керісінше азаю байқалады. БҰҰ Халық қорының сарапшысы Газиза Молдақұлова мұны халықтың жас құрылымымен түсіндіреді.
«Оңтүстік өңірлерде халық жас әрі саны көп, сондықтан туу әлеуеті жоғары. Ал солтүстік облыстарда халық саны аз және жасы үлкен», – дейді сарапшы.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда жастардың отбасы құруды кейінге қалдыру үрдісі байқалады. Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Арна Дүйсенованың пікірінше, жастар алдымен білім алып, кәсіби тұрғыда қалыптасуға ұмтылады.
«Жастар алдымен білім алып, кәсіби тұрғыда қалыптасып, қаржылық тұрақтылыққа жетуді қалайды. Отбасы құруды кейінге қалдыру – олардың отбасыдан бас тартуы емес, жаңа өмір ырғағының әсері», – дейді сарапшы.
Дегенмен сарапшылар Қазақстанның демографиялық әлеуеті әлі де жоғары екенін айтады. Қазіргі таңда 24 жасқа дейінгі жастар халықтың шамамен 35%-ын құрайды. Егер мемлекет жастарды жұмыспен қамту, білім және тұрғын үй мәселесін тиімді шешсе, бұл жағдай ел үшін маңызды демографиялық мүмкіндікке айналуы мүмкін.