09.03.2026, 09:30

Шымкентте ірі өрт болды

Фото: ҚР ТЖМ

Өртті сөндіруге ТЖД-ның 74 қызметкері қатысты.

Шымкент қаласының Қаратау ауданындағы Сайрам шағын ауданында бір қабатты автожөндеу кешенінің ғимаратында өрт шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы ТЖМ-нің Telegram-арнасына сілтеме жасап.

112 қызметінің диспетчерлік пультіне өрт туралы хабар 8 наурыз күні сағат 12:57-де түскен. Шақыртудың жоғары дәрежесі бойынша жеткен өрт сөндіру бөлімшелері Әмір Темір көшесінде орналасқан техникалық қызмет көрсету станциясының ғимараты ашық жалынмен жанып жатқанын анықтады.

«Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында жалынның ғимаратқа кең таралуының алды алынды. Өрт ошағы орналасқан аумақта бір автокөлік зақымданды», – деп мәлімдеді ТЖМ.

Өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге ТЖД-ның 74 қызметкері қатысты.

 

Тегтер: өрт Шымкент