12.03.2026, 09:10

Жетісайда жол опырылып қалды: әкімдік қауіпті учаскені бақылаусыз қалдырған

Фото: видео скриншот

Мұндай жағдай жүргізушілер үшін де, жаяу жүргіншілер үшін де қауіпті.

Түркістан облысы Жетісай ауданында канал жағасы опырылып, облыстық маңызы бар жолдың бір бөлігіне қауіп төнді. Оқиға КХ-75 автожолының бойында болған. Кадрлардан жол жиегінің үлкен бөлігі құлап, көлік қозғалысына нақты қауіп пайда болғанын көруге болады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, канал беткейі бұрыннан босап тұрған, бірақ тиісті мекемелер уақытында шара қолданбаған. Соның салдарынан жолдың бір бөлігі жарамсыз күйге түскен. Бұл учаске облыстық жол басқармасына қарайды.

Мұндай жағдай жүргізушілер үшін де, жаяу жүргіншілер үшін де қауіпті. Апат болмағаны – тек уақыттың мәселесі деген пікір айтылып жатыр. Тұрғындар жолдың жағдайын бақылау мен жөндеу жұмыстары неге дер кезінде жасалмағанын сұрап отыр.