Қазір коммуналдық қызметтер суды сорып, аумақты құрғатумен айналысып жатыр.
Тараз қаласында тағы да су басу жағдайы тіркелді. Бұл жолы Беспалова көшесі, 27 мекенжайындағы тұрғын үйлердің ауласына су жиналып, халық қиын жағдайда қалған. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда аулалар суға толып, тұрғындардың өз күштерімен бөгет жасап жүргені анық көрінеді. Қала әкімдігі бұл жағдай бойынша арнайы техника жіберіліп, су сорылып жатыр деп есеп берген. Ресми мәліметте нөсер жауын салдарынан су жиналғаны айтылып, мамандар жағдайды тұрақтандыру жұмыстарын жүргізіп жатқаны хабарланған. Алайда тұрғындар мұндай мәселе бірінші рет емес екенін айтады. Олардың сөзінше, әр жаңбырдан кейін осы аумақты су басады, бірақ соған қарамастан алдын алу жұмыстары жүргізілмеген. Халық «су кеткеннен кейін емес, неге бұрын әрекет жасалмайды?» деп әкімдікке наразылық білдіруде. Жергілікті жұрт кәріз жүйесі дұрыс жасалмағанын, арық-атыздар тазаланбайтынын айтып отыр. Соның салдарынан жауын жауса болды, су аулаға жиналып, үйлерге дейін кіреді. Мұндай жағдай тұрғындардың қауіпсіздігіне де, мүлкіне де зиян келтіріп отырғанын айтады. Қазір коммуналдық қызметтер суды сорып, аумақты құрғатумен айналысып жатыр. Бірақ тұрғындар мәселені уақытша емес, толық шешуді талап етеді.