16.03.2026, 10:00

«АҚШ Иранды қалпақпен қағып ала алмайтынын түсінді»: Депутат қақтығыстың қашан аяқталатынын айтты (ВИДЕО)

Депутаттың сөзінше, Конституцияға бұған дейін де бірнеше рет өзгеріс енгізілген, алайда қоғамдық қызығушылық енді ғана ояна бастаған.

Бұрынғы журналист қазіргі депутат Ермұрат Бәпи "Qasqa Jol" YouTube арнасында қонақта болып ел мен әлемде болып жатқан соңғы оқиғаларға қатысты пікірін ортаға салды, - деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Депутаттың сөзінше, Конституцияға бұған дейін де бірнеше рет өзгеріс енгізілген, алайда қоғамдық қызығушылық енді ғана ояна бастаған.

"Осы соңғы кезеңдегі елдегі өзгерістерге келсек, жалпы мемлекет өмірінде түрлі дәуірлерді көрдік. Бірінші Президенттің 30 жылдық кезеңі болды. Ал қазіргі Президенттің сайланған уақытына шамамен 7 жылдай болды десек, соның соңғы 4 жылын ерекше атап өтуге болады. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейінгі кезең бір бөлек, ал Қаңтардан кейінгі кезең – мүлде басқа саяси кезең ретінде бағаланады. Бұған дейін Қазақстан Конституциясына 5 рет өзгеріс енгізілген. Сол кезде Елбасы институты да енгізілді. Алайда бұл өзгерістер қоғамда айтарлықтай наразылық немесе қарсылық тудырған жоқ. Тіпті кейбір өзгерістерді халықтың бір бөлігі байқамай да қалған. Себебі олардың барлығы Парламент арқылы қабылданды", - деді ол. 

Сондай-ақ арна қонағы Таяу Шығыста болып жатқан қақтығысқа Ресей араласатын болса, ҰҚШҰ(ОДКБ) мүше мемлекет ретінде Қазақстанның қандай позиция ұстанатынын да айта кетті. 

"ОДКБ мүше елдердің біріне қауіп төнетін болса ондағы елдердің ұжымдық тұрғыда қорғануға қақысы бар. Біз Иранмен Каспий арқылы шекаралспыз. Ондай қауіпсіздікке қатер туындап жатса, ОДКБ арқылы қимылдайтын шығар. Бірақ Ресей араласып жатқанның өзінде біз ондай қатерге бармауымыз керек. Сыртқы саясат мәселесінде Қазақстан бейбітшілік пен нейтралитетті қолдайды. Тоқаевтың өзі біз ешқандай қақтығысқа араласпаймыз деді. Біз соғыспен шешуге қарсымыз. Ресей араласып жатқан күннің өзінде біз араласпаймыз деп ойлаймын. Иранмен мұсылмандық тұрғыда жақындығымыз бір бөлек, экономикалық тұрғыда да соңғы жылдары Парсы шығанығына сол ел арқылы дәліз құрамыз деп жүрміз. Біздің Оңтүстікке қарай векторымыз да сол Иран арқылы еді. Халықтық, адами тұрғыдан да бұл қақтығысқа біз мүдделі емеспіз". 

Ермұрат Бәпи мұнай бағасының көтерілуі мен әлемдегі ахуалдың қашан тұрақталатыны туралы өз пікірін айтты. 

"Мұнай бағасының әлемдік нарықтағы өзгерісі де уақытша құбылыс. Соғыс пен геосаяси жағдайларға байланысты баға өсіп-төмендеп отырады. Әрине, биржа арқылы бізге пайдалы. Сонда да бір ел қан кешіп жатқанда пайда табу деген нәрсе адами түсінікке келмейді. Уақытша көтерілді. Бірақ бұл ұзақ мерзімді тұрақты үрдіс емес. Жағдай қалыпқа келген сайын мұнай бағасы да өз деңгейіне қайтады. Соғыстың қай уақытта тоқтайтынын нақты айта алмаймын. АҚШ-тың өзі қазір шегіншектеп жатыр. Айналасы 10-15 күннің ішінде тоқтауы керек деп ойлаймын. Американың да жағдайы белгілі бола бастады. Қару-жарақ, бомбаларының шектеулі екендігі де әлемдік ақпарат беттерінде жүр. Ерегіс ұзаққа созылады деп айта алмаймын. Иранның азу көрсетуіне де куә болып отырмыз. Америка да, Израиль да Иранның қалпақпен қағып алатын ел емес екенін байқады", - деп түйіндеді ол.