$ 482.49  556.75  5.79

«Ұрып-соғады»: Жетісулық қария өз ұлдарынан қорлық көріп жүргенін айтты (ВИДЕО)

"Үйге әрең жетіп, содан кейін бір айдай ауырып жаттым". 

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Жетісу облысының екі тұрғыны өз әкесін соққыға жығып, қорлық көрсетті деп айыпталды, - деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz сілтеме жасап. 

Оқиға Ақсу ауданындағы ауылдардың бірінде болған. Онда 62 жастағы жергілікті тұрғын әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтардан көмек сұрады. Ер адам есейіп кеткен екі ұлы ақша талап етіп, ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып, азаптап келгенін мәлімдеді.

"Төрт ұлым бар, екеуі өз отбасымен осы ауылда тұрады. Солар менен үнемі көмек, ақша талап етеді. Бірақ қазір қиын заман, менде ақша қайдан болсын?! Шамам келгенше өсіріп, оқыттым, екеуі де ересек, өз күнін көре алатын жаста. Қыстың басында осындай жанжалдан кейін ұлдарым мені ауылдың шетіне апарып, ұрып-соғып, көйлекшең, аяғымдағы тәпішкемен тастап кетті. Үйге әрең жетіп, содан кейін бір айдай ауырып жаттым", - дейді қарт кісі.

Ол 2013 жылы отбасымен Қытайдан Қазақстанға көшіп келген және ауылдағы кішігірім шеберханада етікші болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, ұлдары оны соққыға жыққанымен қоса, жұмыс орнының астан-кестеңін шығарып, терезелерін шағып, құрал-саймандарын, ақшасын, телефоны мен құжаттарын тартып алып отырады.

Қария полицияға бірнеше рет шағымданған, тәртіп сақшылары екі ұлын да жауапқа тартқан. Ер адамдар бірнеше тәулікке, сондай-ақ сот шешімімен бір айлық мерзімге қамауға алынған. Алайда, олар босап шыққан соң, шығарылған қорғау нұсқамасына қарамастан, әкелеріне көрсеткен қорлықтарын тоқтатпаған.

"Қазір екеуі де кезекті рет қамауға алынды. Бірақ олар оралғанда тағы не болады деп қорқамын, - дейді отбасы отағасы.

Қазір ол ұлдарының бірі тартып алған құжаттарын (паспорты мен жеке куәлігін) іздестіріп жатыр. Қария полицияға құжаттарын қалпына келтіруге жәрдемдесуін сұрап өтініш білдірді.

"Ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу барысында, заңсыз әрекеттерді оның 31 және 34 жастағы екі ұлы жасағаны анықталды. Сот үкімімен олар кінәлі деп танылып, әрқайсына қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар, сот істі қарау аясында олардың мінез-құлқына 3 ай мерзімге жәбірленушіге жақындауға тыйым салуды қоса алғанда, ерекше талаптар белгіледі. Қазіргі уақытта ер адамдар қамауда отыр. Босатылғаннан кейін екеуі де профилактикалық есепке алынады", - деп хабарлады Жетісу облыстық ПД баспасөз қызметі.

Қарт кісінің бейнеүндеуі әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0