$ 470.46  543.1  5.86

Алматыдағы жол апаты: Президент тапсырмасынан кейін ІІМ тергеуді күшейтті

Алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі анықталған.

Фото: ІІМ
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының 2026 жылғы 30 наурызда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес Алматы қаласында болған резонанстық жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жұмыстары күшейтілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

ІІМ мәліметінше, аталған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі сот шешімімен қамауға алынды. Тергеу барысында оның апат кезінде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.

Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі фактілері бойынша да қылмыстық істер тіркелді. Аталған істерді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті тергеп жатыр. Қоғамда таралған барлық мәлімет жан-жақты тексерілуде.

Жағдайға объективті баға беру мақсатында Алматы қаласына ІІМ комиссиясы жіберілді. Оның құрамына Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент өкілдері кірген.

Қызмет барысында жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.

Қазіргі уақытта қызметтік тәртіпті күшейту және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдануда. Алматы қаласына өзге өңірлерден полиция жасақтары жіберіліп, кең ауқымды тексеру және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.

Алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі анықталған. Олардың қатарында мас күйінде көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмір қолдану және жүргізу құқығынсыз көлік басқару фактілері бар. 2 мыңнан астам автокөлік айыппұл тұрағына қойылған.

 

ІІМ мәліметінше, мұндай күшейтілген іс-шаралар республика көлемінде жүргізіліп жатыр.

 

— Тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлілер заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Ешкім де мәртебесіне, лауазымына және байланыстарына қарамастан жауапкершіліктен жалтара алмайды, — деп жазды Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0