Бұл жөнінде The Times басылымы хабарлады.
Иранның Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеинің ауыр хәлде жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл жөнінде The Times басылымы хабарлады.
Халықаралық ақпарат көздерінің жазуынша, саясаткер соғыстың алғашқы күндерінде жарақат алған. Қазіргі таңда ол ес-түссіз күйде ем қабылдап жатыр деген дерек бар. Мәліметтерге сәйкес, Құм қаласында жатқан ол шешім қабылдау процестеріне қатыса алмай отыр. Айта кетейік, Құм – елдегі маңызды діни орталықтардың бірі және Тегераннан шамамен 140–150 шақырым қашықтықта орналасқан.
Сондай-ақ басылым бұл оның ықтимал орналасқан жері алғаш рет ашық түрде аталып отырғанын жазады. Ал Reuters 11 наурызда ирандық дереккөзге сүйене отырып, Хаменеи әуе соққылары кезінде жараланғанын хабарлаған. Сол шабуылда оның әкесі Али Хаменеи, анасы, жұбайы және ұлы қаза тапқаны айтылған. Соған қарамастан, ол қызметін жалғастырған.
Ал Associated Press 12 наурызда оның тағайындалғаннан кейін алғаш рет мәлімдеме жасағанын жазды. Дегенмен, ол бейнежазбада көрінбей, мәлімдеме мәтінін мемлекеттік телеарна жүргізушісі оқып берген. Сол кезде оның нақты жағдайы мен орналасқан жері белгісіз болған.
Кейінірек, 31 наурызда Reuters Ресейдің Ирандағы елшісіне сілтеме жасап, Хаменеи ел аумағында екенін, алайда белгілі себептермен көпшілік алдына шықпай отырғанын хабарлады. Ал Иран тарапы соңғы күндері оның тірі екенін және денсаулығы жақсы екенін мәлімдеп келеді.