$ 464.73  546.57  6.19

Банктер айыппұлдан байып жатыр: халыққа айыппұл салып, 65,2 млрд теңге тапқан

Қаржы жүйесі халыққа қызмет етуі керек пе, әлде халық банктердің табыс көзіне айналып кетті ме?

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Қазақстан банктері клиенттердің айыппұлынан миллиардтап пайда тауып отыр. Бір жылдың ішінде екінші деңгейлі банктер халықтан алынған айыппұл, өсімпұл және тұрақсыздық төлемдері арқылы 65,2 млрд теңге тапқан. Ал өздері дәл сондай санкциялар бойынша небәрі 839 млн теңге ғана төлеген. Айырмашылық – 78 есе. Бұл жай статистика емес, қаржы жүйесінің кімге жұмыс істеп тұрғанын көрсететін нақты сигнал.
 

Қарапайым адам үшін банк – сенім, қаржы тұрақтылығы, қиын сәтте тірек болуы керек институт. Бірақ бүгінгі көрініс басқа. Бір күн кешіктірдіңіз бе – айыппұл. Бір төлемді уақытында жаппадыңыз ба – өсімпұл. Келісімшарттағы бір тармақты түсінбей қалдыңыз ба – тағы да шығын. Ал осы ұсақ-ұсақ “қателіктер” банктер үшін миллиардқа айналып отыр.

Мәселенің түп-тамыры – теңсіздік. Банктер клиенттен әр тиынды өндіріп алады. Ал өздері қателессе ше? Қате аударым, техникалық ақау, қызмет көрсету сапасының төмендігі – мұндай жағдайда банк төлейтін өтемақы мардымсыз. Яғни жауапкершілік біржақты: клиент міндетті, банк – “ыңғайына қарай”.
Сарапшылар мұны ашық түрде “айыппұл экономикасы” деп атайды. Банктер негізгі табысты тек несие пайызынан емес, қосымша санкциялардан да көріп отыр. Бұл – қауіпті тенденция. Себебі қаржы ұйымы табысын клиенттің қиын жағдайынан таба бастаса, онда жүйенің өзі дұрыс жұмыс істемей тұр деген сөз.Тағы бір мәселе – келісімшарттардың күрделілігі. Көп адам банкпен келісімге қол қоярда барлық шартты толық оқымайды. Ал банктер дәл осыны пайдаланады. Ұсақ әріппен жазылған талаптар кейін үлкен шығынға айналады. Нәтижесінде халық айыппұл төлеп әлек, ал банк табысын еселеп отыр.Ең сорақысы – бұл жағдай заңды. Яғни банктердің мұндай табыс табуына нақты шектеу жоқ. Реттеуші орган бар, бірақ бақылау қаншалықты тиімді – бұл бөлек сұрақ. Егер жүйе әділ болса, банктердің де жауапкершілігі клиентпен тең болуы керек еді. Бірақ бүгінгі көрсеткіш керісінше жағдайды дәлелдеп тұр.

Халықтың қалтасы жұқарып жатқанда, банктердің айыппұлдан миллиард табуы – қоғамда сенім дағдарысын тудырады. Қаржы жүйесі халыққа қызмет етуі керек пе, әлде халық банктердің табыс көзіне айналып кетті ме? Негізгі сұрақ – осы. Бұл жерде бір нәрсе анық: егер айыппұл банктер үшін бизнеске айналса, онда ертең әрбір кешіккен төлем – олардың жоспарлы табысына айналуы мүмкін. Ал бұл – қарапайым клиент үшін тұзаққа түскенмен бірдей.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#айыппұл #банк