Айыптаушы олардың әрекеттері қоғамға қауіпті екенін атап өтіп, бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қажет деп есептейді.
Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша соттағы жарыссөздер кезінде мемлекеттік айыптаушы оларға нақты мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Прокурор Олжас Хайруллаевтың мәліметінше, сот барысында айыпталушылардың аса ірі көлемде — 247 миллион теңге табыс табуға байланысты заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырғаны дәлелденген.
Айыптаушы олардың әрекеттері қоғамға қауіпті екенін атап өтіп, бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қажет деп есептейді. Оның айтуынша, заңсыз әрекеттер әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихатталған, ал кейінгі қадамдар табысты заңдастыруға бағытталған. Бұл іс-әрекеттердің алдын ала жоспарланғанын және ұйымдасқан түрде жасалғанын көрсетеді.
Сонымен қатар прокурор айыпталушылар кінәні толық мойындамағанын, шынайы өкініш білдірмегенін және келтірілген шығынды өтеу үшін нақты қадамдар жасамағанын айтты. Жеңілдететін жағдай ретінде олардың үш кәмелетке толмаған баласының бары ескерілген, ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Прокурордың ұсынысына сәйкес:
Ерболат Жанабыловқа қатысты:
– ҚР ҚК 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша — 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеумен;
– ҚР ҚК 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша — 4 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеумен;
– Қылмыстар жиынтығы бойынша — 4 жыл бас бостандығынан айыру (ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде), мүлкін тәркілеумен.
Сондай-ақ оған қатысты бұлтартпау шарасын үйқамақтан қамауға өзгертіп, сот залынан бірден қамауға алу ұсынылды.
Эльмира Төлегеноваға қатысты:
– Баптар жиынтығы бойынша — 4 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеумен.
Сонымен бірге прокурор ҚР ҚК 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес жазаны орындауды бір жылға кейінге қалдыруды ұсынды. Бұдан бөлек, Төлегеноваға қатысты бұлтартпау шарасын үйқамақтан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа өзгертіп, үкім заңды күшіне енген соң 10 тәулік ішінде пробация қызметіне тіркелу міндетін жүктеу ұсынылды.