25.04.2026, 16:50

Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікті күшейтуді тапсырды

Фото: Ақорда

Үй жануарларының адамдардың салғырттығынан зардап шегуі – жол беруге болмайтын жағдай.

«Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға деген жауапкершілікті арттыру мәселесіне ерекше тоқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Президенттің айтуынша, үй жануарларының адамдардың салғырттығынан зардап шегуі – жол беруге болмайтын жағдай. Осыған байланысты Үкіметке жануарларды тиісінше күтпегені үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтіп, ал қатыгездік танытқандарға қатысты қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату тапсырылды.

Мемлекет басшысы қаңғыбас иттер мәселесі де көбіне адамның жауапсыздығынан туындайтынын атап өтті. Яғни бастапқыда жануар асырап, кейін оны қараусыз қалдыру – күрделі проблемалардың негізгі себебі.

Сонымен қатар Президент жануарларға арналған арнайы панажайлардың жұмысын қоғамдық бақылауды күшейту қажет екенін айтты. Алайда бұл жұмыс дабырасыз, нақты іспен жүзеге асуы тиіс екенін ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жануарларға қатысты мәселелердің адамдарды қарсы топтарға бөлмеуі керектігін де атап өтті. Дегенмен соңғы уақытта қаңғыбас иттердің шабуылынан балалар мен ересектердің зардап шегу жағдайлары жиілегенін айтып, бұл мәселеге мемлекет пен қоғам бірлесе араласуы қажет екенін жеткізді.

Сондай-ақ Президент жануарларға қатыгездік танытатындарға төзімсіздік танытып, оларды заң аясында жауапкершілікке тарту маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының пікірінше, мұндай шаралар қоғамда қоршаған ортаға, оның ішінде жануарларға деген жауапты әрі өркениетті көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл бағыт «Таза Қазақстан» бастамасының маңызды бөлігі болып саналады.