Жақсылық Үшкемпіровтің кілемдегі ғұмыры оңай болған жоқ.
5 жыл бұрын (1951-2020) классикалық (грек-рим) күрестен Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш этникалық қазақ, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Әмірәліұлы ҮШКЕМПІРОВ дүниеге келді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жамбыл облысында туған. Мектеп қабырғасында-ақ ұлттық қазақша күреспен айналысты. Мектепті бітіргеннен кейін Семей зоологиялық институтына оқуға түседі. Онда болашақ Олимпиада чемпионы кездейсоқ еркін күреспен айналысады. Жақсылыққа шаңғы тебуден сынақ тапсыру керек болды, онсыз сессияға қатысуға рұқсат етілмеді және ол ешқашан шаңғы тепкен емес. Мұғалім басқа оқушымен жекпе-жекте Жақсылық жеңсе, зачет қоюға келісті.
Жақсылық Үшкемпіровтің кілемдегі ғұмыры оңай болған жоқ. Он бес одақстас елдің ішінен өзіңді мойындатып, КСРО құрамасына ілігу екінің біріне бұйырмайтын бақ еді. Бірақ білікті бапкер Вадим Псаревтің алдын көрген ол өзінің таланты мен қабілеті арқасында бас командаға қабылданды. 1972 жылдан бастап Үшкемпіров тұрақты түрде КСРО чемпионатында жүлделі орындардан көрініп, тұғырдан түскен жоқ.
Алайда, алыстағы қазақ жерінен келген балуанды одақ бапкерлері Олимпиадаға апаруға да асықпады. Үшкемпіров кілемдегі жеті жылын құраманың екінші нөмірлі балуаны ретінде өткізген. Тұтастай екі олимпиадалық циклде мұндай төзім таныту кез келгеннің қолынан келмейтіні тағы да рас. 1976 жылы Монреаль Олимпиадасы қарсаңында Жақсылық нағыз бабында болатын. Алайда, төртжылдық додасына бапкерлер ресейлік Алексей Шумаковты аттандырды. Әрине, Шумаков үмітті ақтап, Канададан алтынмен оралды. Ал Үшкемпіров болса, өзінің жұлдызды сәтін тағы да төрт жыл күтуге бекінді.
«Мәскеу Олимпидасы басталғанға дейін ең жеңіл салмақта кімнің күресетіні анықталған жоқ. Сол жылы ел біріншілігінде топ жарып, Еуропа чемпионатында күміс еншілеген менің баратын орным-ақ. Бірақ жасымның 29-ға келгені көпшіліктің шымбайына батты. Кейбір бапкерлер жас балуандарға басымдық бергенді жөн санаған. Ұзақ уақыт талқылаудан соң, Мәскеу кілемінде менің күресетінім белгілі болды. Орда бұзар отызға аяқ басар шақта Олимпиадаға қатысу құқығын жеңіп алдым. Олимпиадада алтын алмақ түгілі, оған барудың өзі мен үшін оңай болмады», - деген болатын балуан.
Мәскеу Олимпиадасына қазақ баласының қатысатыны туралы жаңалық барша халықты қуантты. Өйткені, КСРО құрамасына енген қазақ спортшыларының саны бір қолдың саусағына да жетпейтін. Жақсылық болса, алыстағы ағайынның, қалың елдің намысын қорғау үшін соңғы күші сарқылғанша күресуге бел буды. Бірақ ең алғашқы белдесуінде-ақ әлемнің және Еуропаның екі дүркін чемпионы күтіп тұрғанда, балуанның көңілі солғын тартқаны да рас.
«Таңертең салмақ өлшеу рәсімінен өткен соң, жеребе қорытындысы белгілі болды. Менің қарсыласым басқа емес, сол дәуірде атағы алысқа кеткен, әлем чемпионатын екі мәрте ұтқан румын Константин Александру екен. Шыны керек, көңіл-күйім түсіп кетті. Олимпиадаға қатысу үшін қаншама жылдарымды сарп еттім. Енді бағым жанады дегенде, алғашқы белдесуде-ақ Александрудің күтіп тұрғанын білдім. «Неге жолым сонша ауыр болды екен?» деп өзімді жей бастадым. Осы кезде бапкерлер маған дем беріп, румынның көп салмақ қуатынын, сол себепті, тез шаршайтынын айтты. Расында, мен үшін барлық Олимпиада бірінші белдесуде өтіп кеткен сияқты. Дәл сол кездесуге өмірімдегі ең соңғы айқасқа шыққандай дайындалдым. «Жекпе-жекте не жеңемін, не өлемін!», - деп өзіме серт бердім. Кілемге беттеген кезде залға жиналған 15 мың жанкүйердің барлығы маған қазақ сияқты көрінді. Не деген бақыт еді бұл? Жанкүйер қиқуынан бойымды дереу жинап, азулы қарсыласымды 6:2 есебімен жеңдім. Тап осы белдесуден соң маған бәрі оңай өтетіндей көрінген. Солай болды да», - деп еске алғаны ғана кеше ғана.
Мәскеу кілемінде Жақсылық Үшкемпіров төрт кездесу өткізді. Алғашқы айналымда румын балуанын жеңсе, екінші кезеңде польшалық Роман Кирпачты 13:10 есебімен, үшінші белдесуде венгриялық Ференц Шерешті 17:6 есебімен ұтты. Төртінші айналымда демалыс алса, финалдық бесінші белдесуде болгариялық Павел Христовты 12:7 есебімен жеңіп, грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.
«Мәскеу Олимпиадасына дейін менің қанша жыл бойы қосалқы құрамда болғанымды білесіздер. Бұған барлық балуан шыдай бермейтін шығар. Мен өз сәтімді, өз елімнің атын шығаратын күнді күттім. Күреске бар ғұмырымды арнаған соң, соңынан нәтиже шығарғым келді», - деді көзі тірісінде сұхбат берген даңқты спортшы.
Дүбірлі сынның аяқталғанына 40 жыл өтсе де, қазақ жігіттерінен Олимпиада мен әлем чемпионатының шықпағаны ардагер балуанның жүрегін ауыртқаны рас. Ол өзінен кейінгі ізбасарларының чемпион атанғанын асыға күтіп жүріп, көз жұмды. Талай Олимпиадаға жанкүйер болып барып, қазақ балуандары үшін тақым қысса да, балуандардың ірі жеңісін көзі тірісінде көре алған жоқ. Ал Үшкемпіровтің батасын алған спортшылар оның арманын өздеріне аман етіп алды.
«Жақсылық ағамыз жайында айтылар әңгіме өте көп! Ол өмірінің соңына дейін көл-көсір жақсылық жасады. Бала күнімізде ауыз, жазба әдебиет пен ертегі, аңыздардағы ержүрек батырларды оқып өстік. Ал Жақсылық ағамыз бүгінгінің батыры. Әдебиеттегі батырлар ертегіде болса, Жақсылық аға шынайы өмірдің кейіпкері еді. Мыңдаған ата-ана баласының атын ырымдап Жақсылық қойды. Ол еліміздің тарихына алтын әріппен жазылатын тұлға»
Осы оқиғадан кейін ол еркін күреспен айналысып, екі жылдан кейін (1971 жылы) Қазақ КСР біріншілігін жеңіп алды. Сол жылы ол басқа жаттықтырушыға ауысып, классикалық күреспен айналысып, осы сала бойынша Қазақ КСР біріншілігін тағы да жеңіп алды. Бір жылдан кейін КСРО чемпионатында бесінші орын алса, 1973 жылы ел біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Осыдан кейін қазақ балуаны КСРО олимпиадалық құрамасына алынды.
1980 жылы Мәскеуде өткен жазғы Олимпиада ойындарында өнер көрсетті. Балуан 48 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Төрт жекпе-жектен кейін ол Кеңес Одағы үшін жеңіске жетіп, Олимпиада чемпионы атағын алды. 1984 жылы «Қайрат» ДСО республикалық күрес мектебінің директоры; 1991 жылы – Қытай ұлттық құрамасының жаттықтырушысы, ал 1993 жылы спорт саласында кәсіпкерлік және қоғамдық жұмыстарды бастады; 2004 жылдан Қазақстан Республикасы Спорт комитеті төрағасының кеңесшісі, 2008 жылдан ҚР Туризм және спорт министрінің күрес түрлері бойынша кеңесшісі.
Жақсылық Үшкемпіровтың спорттық жетістіктерінің ішінде әлем чемпионы атағы (1981), әлем чемпионатындағы екінші орын (1982), Еуропа чемпионатындағы екінші орын (1980), КСРО чемпионатындағы екінші орын және КСРО халықтарының спартакиадасындағы бірінші орын алғаны бар.