Жылдар бойы жұрт арасында бір әңгіме айтылатын: несиең бір күн кешіксе, телефон тыным бермейді.
Қазақстанда банктердің қарыз алушылармен жұмыс істеу тәртібіне жаңа шектеулер енгізілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бір қарағанда бұл - жай ғана техникалық өзгеріс сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде мәселе әлдеқайда тереңде жатыр. Өйткені бұл өзгерістер елдегі қаржы жүйесінің көп жылдан бері үнсіз қалып келген бір мәселесін ашық мойындағандай әсер қалдырады: банктер қарыз өндіру кезінде кейде заңнан бұрын қысым тетіктеріне сүйеніп келді. Жылдар бойы жұрт арасында бір әңгіме айтылатын: несиең бір күн кешіксе, телефон тыным бермейді. Таңертең қоңырау, түсте хабарлама, кешке тағы қоңырау. Кей жағдайда қарыз алушының өзі емес, туыстары, таныстары, жұмыс орнына дейін мазаланатын оқиғалар айтылып жүрді. Ресми түрде мұндай әрекеттер әрдайым дәлелденбегенімен, қоғамдағы пікірдің қалыптасуына себеп болғаны анық. Енді реттеуші орган банктерге нақты шектеу қойып отыр. Жаңа талап бойынша банк жұмыс күндері күніне үш реттен артық қоңырау шала алмайды. Демалыс күндері - екі рет. Жеке кездесулер де шектелді: аптасына үш реттен артық емес, күніне бір рет қана. Оның өзі белгіленген уақыт аралығында ғана жүзеге асады. Сұрақ туындайды: осы уақытқа дейін мұндай шектеу неге болған жоқ? Өйткені банк жүйесінде ұзақ уақыт бойы бір ғана логика үстем болды - тәуекелді клиент көтереді, ал табысты банк алады.
Несие беру кезінде жарнама жылы сөйлейді: «жылдам рәсімдеу», «ыңғайлы шешім», «онлайн мақұлдау», «бірнеше минутта ақша». Бірақ төлем кешіккен сәттен бастап қатынас сипаты өзгеріп кетеді. Клиент серіктес емес, өндірілетін міндеттеме ретінде қабылданады.
Әрине, банктің де өз уәжі бар. Ол - салынған қаражаттың қайтуын қамтамасыз ету. Қаржы тәртібі болмаса, бүкіл жүйе шайқалады. Бірақ заңды талап пен психологиялық қысымның арасы тым жақын болып кеткен кезде мәселе басталады. Сондықтан жаңа ереже - қарызды кешіру емес. Бұл - өркениетті қарым-қатынастың ең төменгі стандарты.
Тағы бір маңызды жаңалық - енді банктер әр байланысын тіркеуге міндетті. Қоңырау болсын, кездесу болсын - аудио немесе бейнежазба сақталуы керек. Бұл талап екі тарап үшін де қорғаныс құралына айналуы мүмкін. Қарыз алушы артық қысымды дәлелдей алады, ал банк өз әрекетінің заңды болғанын көрсете алады.
Бірақ негізгі мәселе әлі шешілген жоқ.
Қазақстандағы несие нарығында соңғы жылдары қолжетімділік артты, ал қаржылық сауаттылық сол қарқынмен өскен жоқ. Онлайн несие бірнеше минутта беріледі, бірақ оның салдары жылдар бойы жалғасуы мүмкін.
Енді билік биометрия мен ірі қарыздарға міндетті кідіріс енгізбек. Бұл да кездейсоқ шешім емес - демек жүйе адамның эмоциямен шешім қабылдайтынын мойындай бастады. Банк - қайырымдылық ұйымы емес. Бірақ клиент те өндірістік ресурс емес. Қаржы жүйесі адамдардың әлсіз сәтінен табыс табатын механизмге айналса, оған ерте ме, кеш пе шектеу қойылады. Қазіргі өзгерістер соның алғашқы белгісі болуы мүмкін.