Ол – WBO Africa белбеуінің қазіргі иегері және WBA Asia East титулының бұрынғы чемпионы.
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов кәсіпқой рингтегі үшінші жекпе-жегінде жеңіске жетті. Қазақстандық боксшы Астанада өтіп жатқан IBA Nomad лигасы ұйымдастырған International Boxing Day турнирінде өнер көрсетті, деп хабарлайды sn.kz ақпарат порталы.
Бибосыновтың қарсыласы Намибия өкілі Иммануэль Йозеф болды. Ол – WBO Africa белбеуінің қазіргі иегері және WBA Asia East титулының бұрынғы чемпионы.
Екінші аса жеңіл салмақта (52,1 келіге дейін) өткен жекпе-жек жоспарланған сегіз раундқа созылды. Айқас қорытындысында төрешілер бірауыздан Сәкен Бибосыновты жеңімпаз деп таныды.
Осылайша, қазақстандық боксшы кәсіпқой рингтегі көрсеткішін 3 жеңіске жеткізді. Оның бір жеңісі нокаутпен аяқталған.
Иммануэль Йозеф кәсіпқой бокста тәжірибелі қарсылас саналады. Намибиялық боксшы бұған дейін 18 рет жеңіске жетіп, төрт жекпе-жекте жеңілген және бір кездесуін тең аяқтаған.
Айта кетейік, Бибосынов 2025 жылдың желтоқсанында IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатында екінші рет топ жарып, финалда ресейлік Вячеслав Рогозинді жеңген.