$ 487.44  567.38  6.62

«Пышақтап, көлігін алып кеткен»: Алматыда көлік саудасы ауыр қылмысқа ұласты

Зардап шеккен азамат шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.

Фото: Алматы полиция департаменті
Фото: Алматы полиция департаменті

Алматының Алмалы ауданында автокөлікті қайта сату мәмілесі кезінде жасалған қарақшылық шабуыл жедел түрде ашылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Полицияның алдын ала мәліметінше, екі азамат автокөлікке қатысты мәміленің шарттарын талқылау үшін кездескен. Алайда келіссөз барысында олардың арасында жанжал шығып, соңы ауыр қылмысқа ұласқан.  Тергеу дерегіне қарағанда, күдікті жәбірленушінің банк картасында қомақты қаражат бар екенін біліп, оған пышақ жарақатын салған. Кейін жәбірленушінің автокөлігін иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Зардап шеккен азамат шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оқиға туралы хабар түскен бойда Алматы аумағында «Ұстау» арнайы жоспары енгізілді. Барлық патрульдік жасаққа күдіктіні анықтау және ұрланған көлікті іздестіру тапсырылды.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің жүрген жері аз уақыт ішінде анықталып, Райымбек даңғылы бойында қолға түсті. Одан іске қатысты заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0