Бұл сұраққа «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин нүкте қойды.
Соңғы кездері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) ақша алуға қатысты ережелер мен жеткіліктілік шегінің өзгеруі қоғамда үлкен талқылау тудырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Көптеген азаматтар мен сарапшылар бұл қадам «тұрғын үй нарығындағы бағаны құбылтады, сұранысты төмендетеді» деген болжамдар жасаған еді. Алайда, бұл сұраққа «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин нүкте қойды. Оның айтуынша, зейнетақы қорындағы шектің өзгеруі отандық тұрғын үй нарығына ешқандай әсер етпейді. Холдинг басшысы бұл құбылыстың астарында мүлдем басқа, анағұрлым маңызды ішкі фактор жатқанын алға тартты.
«Зейнетақы қорындағы шектің өзгеруі біздің тұрғын үй нарығына әсер етпейді. Себебі қазір қаржының қолжетімділігі емес, нарықтағы ұсыныстың аздығы басты мәселе болып отыр. Ашығын айту керек, елімізде салынып жатқан және дайын тұрған үйдің саны онсыз да аз. Нарықта баспана тапшылығы анық сезіліп отыр», — деді Рустам Қарағойшин.
Басқаша айтқанда, бүгінде жылжымайтын мүлік бағасын зейнетақы қорынан шыққан миллиардтар емес, елдегі баспана тапшылығы ұстап тұр. Құрылыс қарқыны халықтың сұранысына ілесе алмай жатқандықтан, зейнетақы ережелері қалай өзгерсе де, үй бағасының күрт арзандауына немесе қымбаттауына негіз жоқ.