Елдегі банктердің халыққа несие беру саясаты қазір аяусыз қатаңдады.
Қазақстанның қаржы нарығында үлкен дағдарыстың иісі шыға бастады. Бірақ бұл жолы кінәлі халық емес, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тұрғын үй нарығы мен банк секторының соңғы көрсеткіштерін ақтарып отырып, бір шикілікті байқайсың: еліміздегі екінші деңгейлі банктер өздерінің тікелей міндетін орындаудан бас тартып, мемлекеттің қалтасына толықтай жабысып алған. Тұтынушылық несие мен бөліп төлеуден (рассрочка) миллиардтап пайда тауып, майшелпекке кенелген қаржы алыптары қарапайым халықтың баспаналы болуына келгенде есігін тарс бекітті.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) су жаңа есебі нарықтағы ахуалдың қаншалықты мүшкіл екенін жайып салды. Елде нарықтық (коммерциялық) ипотека деген ұғым толықтай құрдымға кетіп барады.
Бес адамның біреуі ғана өтеді: Сандар не дейді?
Елдегі банктердің халыққа несие беру саясаты қазір аяусыз қатаңдады. Ресми дерекке сүйенсек, биыл ипотека алуға өтініш берген қазақстандықтардың саны бірден 20,7%-ға азайып, 192 мыңға түскен. Бұл - соңғы екі жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Бірақ мәселе бұл емес.
Ең сорақысы - банкке үмітпен барған халықтың тек 22,5%-ы ғана мақұлдау алады. Түсінікті тілмен айтсақ, қазір банк табалдырығын тоздырған әрбір бесінші қазақстандық қана оң жауап алып жүр. Қалған 80 пайыз адам «табысың жетпейді», «несие тарихың нашар» деген сылтаумен далада қалды.
Осы орайда заңды сұрақ туады: сонда банктер кімді жарылқап отыр? Жауап біреу - олар өз ақшасын тәуекелге тіккісі келмейді. Қазір жекеменшік банктердің өз қаржысы есебінен беретін нарықтық ипотекасы бір жылда 53,6%-ға құлап кетті. Оның орнына жаңадан беріліп жатқан ипотекалық несиелердің рекордтық 85,1%-ы тек мемлекеттік бағдарламалардың («7-20-25», «Отау», «Наурыз») есебінен үлестірілуде. Ескі көрсеткіш 73,9% болатын.
Яғни, банктер ұзақ мерзімді, тәуекелі жоғары ипотеканы өз мойнына алғысы келмейді. Оларға мемлекет субсидиялайтын, бюджеттен кепілдік берілген дайын бағдарламалармен ғана жұмыс істеп, дайын асқа тік қасық болу тиімді. Ал өз беттерінше халыққа жылдық тиімді мөлшерлемесі 30-40%-дан асатын қысқа мерзімді тұтынушылық несиелерді тықпалауға құмар. Өйткені онда табыс тез әрі еселеп қайтады. Қаржыгерлер қауымдастығының өз сарапшылары бұл үрдісті «коммерциялық ипотека нарықтан ығысып, нарық толығымен мемлекеттік бағдарламаларға тәуелді болып қалды» деп ашық мойындап отыр.
Халықтың қауқары неге жетпейді?
Әрине, тек банктерді кінәлап қою да әділдікке жатпас. Халықтың да сатып алу қабілеті тұсауланды. Тұрғын үй бағасының негізсіз шарықтауы, инфляция мен азаматтардың нақты табысының төмендеуі баспана арманын қолжетпейтін заңғар көкке шығарып жіберді. Оның үстіне, бұған дейін нарықты жасанды түрде демеп тұрған зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) артық ақшаны алу процесі де тоқтады.
Салдарынан бірінші тоқсанда тұрғын үй саудасы 4,5%-ға азайған, ал ипотека арқылы үй алатындардың үлесі 65,2%-дан 51,6%-ға дейін құлдырады. Нарық суып барады.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл жағдайды «несие нарығын реттеу шараларының нәтижесі» деп түсіндірді. Оның айтуынша, тұтынушылық несиенің 20 пайыздық өсімі баяулаған, ал бизнеске несие беру 18%-ға өскен. Алайда, бұл реттеу шараларының зардабын ірі алпауыттар емес, тағы да қарапайым баспанасыз жүрген бұқара тартып отыр. Оған дәлел - несие нарығындағы жалпы суыну бірінші кезекте автонесие саласына соққы беріп, оның көрсеткішін 26,6%-ға құлатты.
1 шілдеден кейін не болады?
Егер қазір «әрбір бесінші өтінім ғана өтеді» деп байбалам салсақ, биылғы 1 шілдеден бастап жағдай тіптен қиындамақ. Ұлттық банктің жаңа қаулысы күшіне енеді. Енді банктер қарыз алушыны тексергенде тек борыштық жүктемесін ғана емес, «қарыздың табысқа қатынасы» деген жаңа коэффициентті есепке алады.
Бұл дегеніміз - егер сіздің ресми, зейнетақы жарнасы толық аударылатын ақшаңыз жеткіліксіз болса (тіпті қосымша табысыңыз шаш етек болса да), банк сізге несие бермейді. Банктердің бұл консервативті саясаты елдегі көлеңкелі экономика мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған миллиондаған азаматтардың шынайы жағдайын ескермейді. Салдарынан, табысын ресми көрсете алмайтын таксистер, базардағы саудагерлер, фрилансерлер мен құрылысшылар баспана нарығынан мүлдем шеттетіледі.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның банк жүйесі бүгінде экономиканы алға сүйрейтін локомотив емес, дайын табысқа кенеліп, тәуекелден қашатын масыл секторға айналып бара жатқандай. Тәуекелді өз мойнына алмай, тек мемлекеттің дайын субсидиясына ауыз ашып отырған Екінші деңгейлі банктердің саясаты өзгермейінше, елдегі баспана дағдарысы шешілмейді. Банктер халыққа бұрылмаса, бұл үрдістің соңы әлеуметтік наразылыққа ұласуы әбден мүмкін.