18.06.2026, 17:40

Астанада бір топ жасөспірім 5 баланы кастетпен аяусыз ұрып кеткен (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Оқиғаның бір сәті бейнекамераға түсіп қалған.

Астанада бір топ жасөспірімнің аулада жүрген кішкентай балаларға күш көрсеткені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Зардап шеккен балалардың ата-аналарының айтуынша, бірнеше бозбала бес баланы кезекпен ұрып-соққан. Оқиғаның бір сәті бейнекамераға түсіп қалған. Сондай-ақ басқа да кәмелетке толмағандардың жарақат алғанын дәлелдейтін материалдар бар. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жанжал кезінде кастет қолданылуы мүмкін.

Ата-аналардың сөзінше, балалардың алған жарақаттары толық тіркеліп, құқық қорғау органдарына ресми арыз жазылған. Сонымен қатар оқиғаға қатысы бар кейбір жасөспірімдердің бұрын профилактикалық есепте тұрғаны айтылды.

Аталған жағдайға байланысты Астана қаласының Полиция департаменті пікір білдірді.

«Оқиғаға қатысушылардың барлығы бір-бірін бұрыннан танитыны анықталды. Олар Сарыарқа аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – деп мәлімдеді ведомство.