18.06.2026, 22:30

«Қош келдің, қызым!»: Қазақстандық әкенің әрекеті көпшіліктің ықыласына бөленді

Коллаж: sn.kz

Ер адамның бұл әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларының жылы ықыласына бөленді.

Қазнетте жаңа туған қызымен перзентханадан шыққан жұбайын ерекше қарсы алған азаматтың видеосы кеңінен таралып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Көпшілік үйренгендей перзентхана алдында дабыралы қарсы алу ұйымдастырудың орнына, ер адам әйелін бірден үйіне алып келген. Ал үй ауласында жас отбасы үшін арнайы дайындалған әсерлі тосынсый күтіп тұрған. Аула безендіріліп, гүлден үлкен жүрек пішіні жасалған және «Қош келдің, қызым!» деген жазу орнатылған.

Ер адамның бұл әрекеті әлеуметтік желі қолданушыларының жылы ықыласына бөленді. Пікір қалдырғандардың көбі мұндай мерекені перзентхана алдында емес, үйде өткізген дұрыс екенін атап өтті.

Пайдаланушылардың айтуынша, перзентхана қабырғасында тек қуанышты ата-аналар ғана емес, түрлі қиын жағдайды бастан кешіріп жатқан адамдар да болады. Сонымен қатар, әр отбасының салтанатты қарсы алу ұйымдастыруға мүмкіндігі бірдей емес. Сондықтан желі қолданушылары айналасындағыларға құрмет танытып, қуанышын қарапайым әрі мәдениетті түрде бөліскен азаматтың қадамын әдемі әрі үлгілі іс деп бағалады.