19.06.2026, 13:00

Атыраудағы отбасы өлімі: Сұлтан Сәрсемәлиев сотта барлық іске әйелін кінәлады

Фото: видеодан скриншот

"Өзім қашсам, ұстатпас едім". 

Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты айыпталып жатқан Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты жалғасып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сот отырысында айыпталушы ұсталғанына өкініш білдіріп, бұрынғы жұбайын кінәлады.

«Өзім қашсам, ұстатпас едім. Бұрынғы әйеліммен жүрген соң алысқа ұзай алмадым», – деді ол.

Сұлтан Сәрсемәлиев 2025 жылдың соңында Атырау облысында болған резонансты қылмыстық іс бойынша айыпталуда. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол бұрынғы жұбайының төрт туысының өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген.

Іс материалдарына қарағанда, Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2016 жылы шаңырақ көтерген. Кейін ресми түрде ажырасқанымен, белгілі бір уақыт бірге тұрған. Олардың ортақ балалары бар.

Сот барысында айыпталушы бірнеше рет мәлімдеме жасап, кей сұрақтарға жауап беруден бас тартқан. Ол тек судья мен қорғаушысының сауалдарына жауап беретінін айтқан. Бұған дейін тергеу кезінде түсірілген бейнежазбада өзін «маньяк емеспін» деп сипаттап, жасаған ісі үшін ауыр жазаға, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына да дайын екенін мәлімдеген болатын.

Қазір іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Сотта куәгерлерден жауап алынып, дәлелдер зерттелуде.

Айта кетейік, соттың түпкілікті үкімі әлі шыққан жоқ. Сондықтан айыпталушының кінәсі немесе кінәсіздігі туралы соңғы шешім заңды күшіне енген сот үкімімен ғана анықталады.