Былтыр автокөлік жүк тасымалдаушыларының табысы 1,5 триллион теңгені құрады.
Астанада жаңа әуежайдың құрылысы басталады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Президенттің айтуынша, Астанада жаңа әуежай салу – кейінге қалдыруға болмайтын стратегиялық міндет. Ол көлік-логистика саласы еліміздің инфрақұрылымдық дамуының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті.
«Біз еліміздің инфрақұрылымдық арқауының тағы бір мызғымас тірегі – көлік-логистика саласына баса назар аударуымыз керек. Бұл сала стратегиялық маңызға ие. Біздің аймақтағы барлық елдер де осы бағытқа ден қойып жатыр, сондықтан бәсеке күшейіп келеді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы теміржол инфрақұрылымын дамытуға да ерекше мән беріліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, былтыр Достық – Мойынты бағытындағы екінші теміржол желісі мен Алматыны айналып өтетін теміржол пайдалануға берілді.
Биыл Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал, ал келесі жылы Бақты – Аягөз теміржол желілерінің құрылысы аяқталады.
Президент автожолдардың сапасын арттыру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы 13 мың шақырым автожолды жөндеу басталып, соның 6 мың шақырымы пайдалануға берілген. Бұл – Қазақстан тарихындағы ең ауқымды жол жөндеу жұмысы.
Сонымен қатар келесі жылы автокөлік өткізу бекеттерін жаңғырту толық аяқталуы тиіс. Соңғы бес жылда Қазақстан аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есеге артып, 6 миллион тоннаға жеткен.
Былтыр автокөлік жүк тасымалдаушыларының табысы 1,5 триллион теңгені құрады. Президент бұл көрсеткіштің теміржол саласының кірісіне шамалас екенін айтып, отандық автотасымалдаушыларды жан-жақты қолдау қажеттігін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев авиация саласының да қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, елімізде жаңа халықаралық әуе бағыттары ашылып, толыққанды әуе хабтарын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
«Әрине, осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласында жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы қажет. Әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру өте орынды шешім болды деп санаймын. Бұл маңызды қадам халықаралық логистикадағы әлеуетімізді күшейтуге ықпал етері сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы.