Объектідегі жұмыстар бекітілген кестеге сай штаттық режимде жалғасуда.
Әлеуметтік желілерде Астанадағы жеңіл рельсті LRT желісінің «Сығанақ» станциясында төбеден су аққаны түсірілген видео тарады. Желі қолданушылары бұл жағдайды жақында жауған жаңбырмен байланыстырған еді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тұрғындар арасында қызу талқыланған бұл оқиғаға қатысты «City Transportation Systems» компаниясы ресми жауап берді. Серіктестік өкілдерінің хабарлауынша, ғимараттағы бұл көрініске жауын-шашын емес, жоспарлы түрде жүргізілген инженерлік тексеріс себеп болған.
Қазіргі уақытта мамандар өртке қарсы жүйелерді реттеу және инженерлік желілерді іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы мақсатта қызметкерлер технологиялық люктерді ашқан, нәтижесінде ылғал ғимарат ішіне өткен», - деп түсіндірді CTS баспасөз қызметі.
Сондай-ақ компания өкілдері қазіргі уақытта олқылықты жою және ғимаратты толық герметизациялау бойынша тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Объектідегі жұмыстар бекітілген кестеге сай штаттық режимде жалғасуда.