Екі оқиға да Қарағайлы шағын ауданында болған.
Өткен тәулікте Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында кәмелетке толмаған балалардың терезеден құлауына байланысты екі қайғылы оқиға тіркелді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бірінші жағдайда екі жасар сәби тұрғын үйдің алтыншы қабатындағы пәтердің терезесінен құлап, алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмды.
Екінші жағдайда үш жасар бала екінші қабаттың терезесінен құлап, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында.
Екі оқиға да Қарағайлы шағын ауданында болған.
Осы қайғылы жағдайларға байланысты Абай облысы Полиция департаментінің қызметкерлері профилактикалық жұмысты жедел түрде күшейтті. Кешкі уақытта полицейлер тұрғын үй аулаларын аралап, дауыс күшейткіш арқылы тұрғындарға ашық терезелердің маңында кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде ескерту жасады.
Азаматтардың назары масаға қарсы торлардың қауіпсіздік құралы еместігіне ерекше аударылды. Олар баланың салмағын көтере алмайды және құлаудан қорғамайды.
👮🏻♂️ Абай облысы Полиция департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерді қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады:
• кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
• баланың терезе алдына шығуына мүмкіндік беретін жиһазды терезе маңына қоймаңыз;
• терезелерге арнайы бекіткіштер немесе ашылуын шектейтін құрылғылар орнатыңыз;
• бірнеше секундтық бейқамдықтың өзі орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін екенін ұмытпаңыз.
Балаларыңызды қорғаңыздар! Олардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің жауапкершілігіне байланысты.