$ 465.74  531.08  5.92

18 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді: Қазақстан есірткі бизнесіне қарсы жаңа кезеңге өтті

Сонымен қатар 1425 адам есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталды. 

Фото: Ult.kz
Фото: Ult.kz

Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес соңғы жылдары мүлде жаңа кезеңге өтті, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.

Бұрын негізгі қауіп дәстүрлі есірткі түрлерінен туындаса, бүгінде құқық қорғау органдары синтетикалық есірткінің таралуын, интернет арқылы ұйымдастырылатын сауданы және халықаралық қылмыстық желілердің әрекетін басты сын-қатер ретінде бағалап отыр. Сондықтан бұл бағыттағы мемлекеттік саясат тек қылмыскерлерді ұстаумен шектелмей, алдын алу, цифрлық бақылау және халықаралық ынтымақтастықты қамтитын кешенді жүйеге айналуда. Синтетикалық есірткінің кең таралуы қылмыстық топтардың жұмыс тәсілін өзгертті. 

Егер бұрын заңсыз өнімді өсіру немесе тасымалдау үшін үлкен инфрақұрылым қажет болса, қазір шағын жасырын зертхананың өзі мыңдаған доза өндіруге қауқарлы. Заңсыз төлемдер криптовалюта арқылы жүзеге асырылады, ал сатып алушылар мен сатушылар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы байланысады. Мұндай өзгерістер құқық қорғау органдарынан да жаңа технологияларды қолдануды талап етуде. Осыған байланысты 2026 жылдан бастап Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдың жаңа кезеңі басталды.

Елде 2026–2028 жылдарға арналған есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы кешенді жоспар қабылданып, оны іске асыруға 18,2 млрд теңге қарастырылды. Бағдарлама аясында синтетикалық есірткінің заңсыз айналымын азайту, ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау, интернеттегі есірткі жарнамасын жою, халықаралық ақпарат алмасуды күшейту және жастар арасында профилактикалық жұмыстарды кеңейту көзделген. Сонымен бірге азаматтарды есірткі қылмыстары туралы хабарлағаны үшін ынталандыру тетіктері енгізіліп, өңірлердегі алдын алу жұмыстарына жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі күшейтілді. Қабылданған шаралардың нәтижесі алғашқы айлардың өзінде байқалды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 69 жасырын есірткі зертханасы жойылып, 18 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 3 тоннадан астам түрлі есірткі тәркіленсе, оның 250 келіден астамы синтетикалық заттар болды. Сонымен қатар 1425 адам есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Бұл көрсеткіштер құқық қорғау органдарының тек көшедегі саудагерлерді емес, қылмыстық бизнестің ұйымдастырушыларына дейін жетуге басымдық бере бастағанын көрсетеді. Бүгінде күрестің тағы бір маңызды бағыты – цифрлық кеңістік. Арнайы бөлімшелер әлеуметтік желілердегі есірткі жарнамасын анықтап, заңсыз интернет-дүкендерді бұғаттаумен айналысады. Сондай-ақ криптовалюта арқылы жүргізілетін күмәнді қаржы операцияларын бақылау, дрондар мен заманауи техниканы пайдалану арқылы жасырын зертханалар мен заңсыз есірткі егістіктерін анықтау тәжірибесі кеңейіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс халықаралық серіктестермен бірлескен операциялар арқылы да күшейтілуде.

Дегенмен сарапшылар мәселені тек қатаң жаза арқылы шешу мүмкін емес екенін айтады. Есірткі бизнесі жоғары сұраныс болған жерде өмір сүре береді. Сондықтан жастардың құқықтық сауатын арттыру, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы профилактикалық бағдарламаларды дамыту, ата-аналардың балалардың интернеттегі белсенділігіне көбірек көңіл бөлуі де маңызды.

Мамандардың пікірінше, нашақорлықтың алдын алу оған қарсы күрестегі ең тиімді инвестиция саналады. Қоғамның белсенділігі де ерекше рөл атқарады. Көп жағдайда күмәнді граффити, жасырын есірткі қоймалары немесе заңсыз жарнамалар туралы алғашқы ақпаратты қарапайым тұрғындар байқайды. Мұндай деректердің құқық қорғау органдарына уақытылы жетуі көптеген қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді. Қазақстан үшін есірткі бизнесіне қарсы күрес енді тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – мемлекет, білім беру жүйесі, денсаулық сақтау саласы, бұқаралық ақпарат құралдары және азаматтық қоғам бірлесіп атқаратын кешенді жұмыс. 2026 жылдан бері қолға алынған жаңа шаралар қылмыстық топтардың қызметін әлсіретіп қана қоймай, қоғамда есірткіге деген төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізу үшін заңның қаталдығы мен профилактикалық жұмыстың тиімділігі қатар жүруі тиіс. Сонда ғана заңсыз есірткі айналымын қысқартып, жас ұрпақты бұл қауіптен қорғауға мүмкіндік болады.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0