Қайғылы оқиға аталған тасжолдың 157-шақырымында тіркелген.
Ақмола облысының Бұланды ауданында «Астана – Петропавл» автожолында адам өліміне әкелген жол апаты болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қайғылы оқиға аталған тасжолдың 157-шақырымында тіркелген. Алдын ала мәліметке сәйкес, Көкшетау бағытына бет алған Audi Q8 автокөлігі жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан MAN жүк көлігімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан Audi Q8 көлігінің жүргізушісі мен жолаушылардың бірі оқиға орнында қаза тапты. Ал тағы бір жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалып, апаттың нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Ақмола облысы полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, қауіпсіз жылдамдықты таңдауды және жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде ерекше сақ болуды ескертті.