29.07.2026, 16:40

Қостанайда әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жасар бала қайтыс болды

Фото: Inbusiness.kz

Ресми мәліметке сәйкес, жасөспірім 28 шілде күні кешкі уақытта көз жұмған.

Қостанайдағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жастағы тәрбиеленуші қайтыс болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл ақпаратты Қостанай облысының әкімдігі растады.

Ресми мәліметке сәйкес, жасөспірім 28 шілде күні кешкі уақытта көз жұмған. Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, өлімнің нақты себебін анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.

Әкімдіктің хабарлауынша, орталықта балаларға тәулік бойы күтім көрсетіледі. Медициналық бекеттер үздіксіз жұмыс істейді, ал медицина қызметкерлері мен мекеме басшылығы күніне екі рет тексеру жүргізеді. Сонымен қатар, орталықта педиатр мен невропатолог қызмет атқарады.

Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиға болған күндіз баланың жағдайы қалыпты болған. Оның дене қызуы көтерілмеген, денсаулығына қатысты шағымдары болмаған. Ол белсенді болып, түскі асын ішіп, кейін күндізгі тынығуға жатқан.

Осы арада Қостанай облысы құқық қорғау орталығы мүмкіндігі шектеулі баланың аптап ыстық салдарынан жүрегі тоқтап қалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сондай-ақ орталық қызметкерлері бөлмелерде салқындатқыш құрылғылардың жоқтығына шағымданғаны айтылды.

Алайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Мекеме өкілдерінің сөзінше, әр топта ауа райы жағдайына сәйкес кондиционерлер жұмыс істеп тұр, тәрбиеленушілер ауыз сумен толық қамтамасыз етілген және температуралық режим тұрақты бақылауда. Қазіргі таңда жағдай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бақылауында.