29.07.2026, 15:40

«Үнемі балағаттап, қорқытқан»: Нұрай Серікбайдың әкесі сотта не айтты

Фото: Kazinform

Келесі сот отырысы 31 шілдеге белгіленді.

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында марқұмның ата-анасы мен жақын құрбысы жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы kazinform-ға сілтеме жасап. 

Марқұмның әкесі Бауыржан Сағынбек қызының өз еркімен ешқайда кетпегенін айтып, айыпталушының мәлімдемесін жоққа шығарды.

«Сағат шамамен 13:00-де қызымызбен мүлде байланыса алмадық. Кейін Нұрай айыпталушының телефонын тартып алып, үнемі балағаттап, қорқытқанын айтты. Ол: "Егер рөлге жармассаң, екеуміз де өлеміз, көлік аударылады", – деп қоқан-лоқы көрсеткен. Біз ақыры сөйлескенде қызымыз бір-ақ нәрсе айтты: "Әке, мұнда болып жатқанның бәрі менің еркімнен тыс. Мені бұл жерден алып кетіңіздер". Осы сөздерден кейін оның өз еркімен ешқайда кетпегеніне еш күмәнім қалмады», – деді ол.

Әкесінің айтуынша, Нұрай үйіне оралғаннан кейін айыпталушымен барлық байланысты үзуге тырысқан. Алайда ол қызды таныстары арқылы іздеп, келісімінсіз ақша аударып, қудалауын тоқтатпаған.

Сондай-ақ Бауыржан Сағынбек отбасының бірнеше рет полиция мен прокуратураға жүгінгенін, бірақ тиісті шара қабылданбағанын айтты.

«Егер құқық қорғау органдары біздің арыздарымызға дер кезінде әрекет еткенде, бұл қайғылы жағдай болмас еді», – деді ол.

Марқұмның жақын құрбысы Ақсезім Шаттық та Нұрайдың алып қашу оқиғасынан кейін қатты қорқып, бірнеше рет телефон нөмірін ауыстырғанын және екеуінің тіпті пәтер ауыстыруды жоспарлағанын айтты.

Келесі сот отырысы 31 шілдеге белгіленді.