30.07.2026, 16:40

«Ұмыта салды»: Қаза болған фельдшердің күйеуі екінші рет үйленді

коллаж: Sn.kz

Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды. 

Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы араға сегіз ай салып қайта шаңырақ көтерді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2025 жылдың 8 қарашасында болған. Ұлдана Мырзуан тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге бара жатқан кезде көпқабатты үйдің сыртқы бөлігінен кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға бірнеше күн бойы күш салғанымен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Сол кезде марқұмның жұбайы Зейнел Әділет жарының қазасына байланысты әлеуметтік желіде жүрек тебірентерлік жазбалар жариялап, сүйіктісін еске алған еді. Ол қайғылы жағдайға кінәлілер заң алдында жауап беруі керектігін айтып, тергеудің әділ жүргізілуін талап еткен.

Алайда арада сегіз ай өткен соң оның қайта үйленгені белгілі болды. Бұл жаңалық желі қолданушылары арасында түрлі пікір қалыптастырды. Кейбір адамдар ер адамның шешіміне таңданысын білдіріп, қайғыдан кейінгі уақыт тым аз болғанын жазса, енді бірі оның жеке өміріне түсіністікпен қарауға шақырды.

«Сегіз айда әйелінің қазасы ұмыт болды ма?», «Ол кезде жарына арнап әсерлі жазбалар жариялаған еді», «Бақытты болсын» деген сияқты әртүрлі пікірлер айтылды.

Сонымен қатар әлеуметтік желіде дәрігердің жаңа жары туралы да ақпарат тарады. Кейбір қолданушылар оның Тараз қаласынан екенін жазып, марқұм Ұлдананың жақын ортасына қатысты түрлі пікір білдірген.

«Бірі – араласқан құрбысы мен әріптесі, екіншісі – сүйген жары болған» деген пікір де көп талқыланған.

Айта кетейік, Ұлдана Мырзуан мен Зейнел Әділеттің шаңырақ көтергеніне небәрі екі апта болған кезде қайғылы жағдай орын алған. Кейін марқұмның жұбайы Stan.kz агенттігіне берген сұхбатында жарының мейірімділігі мен адамгершілігін еске алып, оның орны бөлек екенін айтқан болатын.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желідегі жазбаларында Ұлдананың мәңгі жүрегінде сақталатынын жазып, оның қазасына байланысты әділдік орнауын талап еткен еді.